
Елдегі БАҚ атаулының барлығы «аттандап» жатқан киік қырғынын біз де хал -қадарымызша зерттеп байқадық. Себеп-салдарын анықтауды биліктің басындағыларға қалдыра тұрайық та, байқағандарымызбен бөлісейік.
Бір жарым миллион киіктен 15 мың бас қана қалғанда «Seimar Social Fund» аттандап, осы мәселеге елдің назарын аударған еді. Соңғы төрт-бес жылда киіктің саны әупіріммен 200-225 мыңға жеткен болатын. Бұл жерде миллион-милиардтап жұмсалған мемлекет қаржысы туралы айтпасақ та болады. Қостанайдағы да, Ақтөбедегі де өлген киік саны әлі бір пендеге аян емес. Қырылған киікті алақандарымен жасырғысы келгендей, билік ресми ақпарат бермей отыр. Әзірге үш дүдәмал себеп жария болып жатыр.
Бірінші және биліктің аузымен айтылған пікір-пастереллез ауруы. Бұған көзі ашық қоғам, әрине, сеніп отырған жоқ. Қисынға салсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын да осы ауруға жаба салып, тып- тыныш құтылған билік дәл сол сценарийді қайталағысы келген сыңайлы. Бірақ киік шығынының тым көптігі олардың әлгі ауру туралы пікірін солқылдатып жібергендей.
Екінші, Қазақияға құлаған зымырандар салдары деген пікір айтылып қалып жатыр. Бұл пікірдің де жаны бар сияқты. Себебі, бөкендер алғаш қырылғанда «Капустин Ярдағы» құлаған ракетадан төгілген химиялық қалдықтардың кесірі деп ашық айтылған. Мына нәубетті енді құлаған протондар, төгілген гептилмен байланыстыру да мейлінше мүмкін жағдай.
Үшінші және ең қорқынышты пікір –адам факторы. Әлеуметтік желіде айтылғандай, киіктердің мүйізін алу үшін браконьерлер өзеннің бастауында тұрып улы затты құйып жібереді екен де, ол жерден су ішкен киікті сағадан шала жансар күйде күтіп алады екен. Осы аптада ғаламторды шарлап кеткен киіктер өлекселерінің мүйізсіз бастарын көргенде бұл пікірдің де жаны бар ма деп қалдық.
Сонымен, төтеннен келген нәубетке қарсы қояр ештеңе болмай отыр. Ауыл шаруашылығы минстрлігі де, табиғат қорғау мекемелері де өліп жатқан киіктен алынған сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Осы қырғын басталғалы себебін ғана емес, бұл топалаңды тоқтатудың да жолдарын қол жетімді дереккөздерден іздеген біз мынадай қызық та қазақы пікірге кезіктік. Фейсбук парақшасында бір ақсақалдың сәлемін жеткізген Елубай Әуезовтің мына жазбасын әдейі келтіріп отырмыз:
«Бүгінде ақбөкендердің негізгі отаны Қазақстан болып қалғанын екінің бірі біле бермейді. Енді осы байлықтан қарап отырып айрылу қаупінде тұрмыз. Бұл дабыл қағатын жағдай. Ауылдан ертеректе мал зоотехнигі болған Сабыр ақсақал хабарласып, әлеуметтік желіге ұсынысын жазуды өтінді. Қолымнан келер еш шара жоқ болған өзім де қуанып қалдым. Сонымен осы ұсынысты жариялауды жөн санадым. Ауыл шаруашылық министрлігі, аң-құсты қорғау комитетінде қызмет атқаратын елім-жұртым деген азаматтар болса ескерер. Бұлайша малдың қырылуы жауын-шашын көп болған жылдары ертеректе де кездесетін болған. Ондай уақытта малшылар малды қар тоқтамаған шөбі дұрыс шыға қоймаған қыраттарға айдаған. Өйткені көп жауынның әсерінен қырық жылғы шөптер де шығады. Мұны мамандар жақсы біледі. Сол шөптердің арасында улылары да кездеседі, алайда оны көп адам білмейді. Осыдан келіп көктемге енді жеткен мал болсын, ақбөкен болсын қырғынға ұшырайды. Сол себепті қазіргі күні тікұшақпен болсын ақбөкендерді басқа аймақтарға жайылымын ауыстыру керек. Жасаң жерлерге жайылған киіктер қырыла береді. Бұл өзі тіршілігі малмен біте қайнас-
қан қазақтағы бұрыннан бар тәжірибе. Осыны мамандар ескерсе екен. Оқыған азаматтар болса бөліссе деймін. Ал гептилге қатысты әлдеқандай қауіп болып жатса ол да анықтала жатар».
Не де болса, қазақтың «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген жаман қарғысына ұшырамай тұрып, әлемдік деңгейде дабыл қағу керек шығар?
…Көктемде су тасқыны кезінде біздің ауылдың шалдары қолдарына мылтық алып, түнімен күзетке шығатын. Тасыған су ұйқыдағы ауылды басып қалмасын деп, таң атқанша күзетте жүретін. Ертемен судың жағалауына қойтастарды қойып, келген жерін белгілеп қоятын. «Не азабым?» дейтін сол кездегі жастау әке-шешеміз. Бүтін бір елдің басына төнген қауіпті ойлағандары екен ғой қазына қарттардың. Осынау киік қырғыны елдің ертеңіне байланысты үлкен қауіп екенінен бейхабар облыстағы шенеунік ағам бір пәшкі доллар тауып алғандай ыржалаңдап отырып сұхбат берді. Аудандағы шенеунік бауырым моншаға түсуге кетіпті…
Шара ЕЛЕУСІЗ





































Жауап беру