
«Ет сасыса тұз себеді,
тұз сасыса не себеді?»
Қазақ даналығы
Редакция Шымкент қаласынан облыс имамдарына байланысты бір емес, үш хат алды. Бірақ, үшеуін де жолдаған адамдардың нақты мекен-жайы көрсетілмегеннен кейін, деректерге толы болса да, жариялаудан бұрын қазақшылық жолмен алдынан өтейік деп, осыдан бір ай бұрын сол хаттарда аты аталған Астанадағы Яссауи мешітінің бас имамы, муфтидің орынбасары Серікбай Оразовқа хабарласқан болатынбыз. Имам сөзімізге «көре алмаған көп өсекші не демейді» дегендей сыңайда жауап қатты. Біз ол хаттарды қашан, қалай жария етуді өз құзырымызда қалдыратынымызды айтып, жылы-жылы қоштастық.
Мүфтиге хабарласамыз деп жүргенде ол кісінің еңбек демалысына шығып кеткенін естідік. Соның алдында, Ораза айт мерекесінің үшінші күні Мүфти хазірет Серікбай Оразовпен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы, бұрынғы «Бірлік» кеңшарындағы Серікбай мырзаның өзінің туған аулында жамағатқа арналған жаңа мешіттің ашылу салтанатына барып, қатысып қайтқанынан құлағдар болдық.
Мешіттің ашылуына барған деген өте жақсы нәрсе, оған тек қуануымыз қажет. Бірақ, бізге хабарласқан кісілер мүфтидің сол ауылға тіке барып, тіке қайтқанына түсінбей қалғандарын жасырмады. Шынында да, мемлекеттік дінбасы адам облыстарға күн сайын шыға бермейді. Ал, шыққаннан кейін ең болмағанда аудандардың бас имамдарын жинап, облыстағы, жергілікті жерлердегі хал-ахуалды сұрап-білісіп, сұрақтарға нақты жауап беріп, туындаған мәселелер болса соларды созбұйдаға салдыртпай, жедел түрде шешіп беріп кетуге тиіс емес пе? Имамдар «Серікбай мырза дәл сол өзіне қолайсыз тиетін сұрақтар болып қалады-ау» деп, нақ содан қашып, мүфтиді имамдарға жолықтырмай отыр» дейді.
Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара» дейді. Мына сөздің де қисыны келеді. Мысалы, әлгі хаттарда бұрын облыстық наиб-имам қызметін атқарған, кәзір Шымкент қаласының қақ ортасындағы «Қуғын-сүргін көргендер» мешітінің имамдығына орналасып алған Бекайдар Қымбатов деген азамат облыс имамының «Алғыс хатымен» марапатталды деп естідік. Ал, біз Серікбай мырзамен сөйлескен кезімізде ол кісі «айттан кейін өзгерістер болып қалатын шығар, әзір әліптің артын бағып тұра тұрайық» деген еді. Оған біз де қарсы болмағанбыз. Себебі, «мешкей» деген жақсы ат па?» деп, басқа-басқа имамдардың артынан жаман атақтың, оның ішінде әсіресе «жемқор» деген аттың ілесуі өте ауыр нәрсе деп білеміз. Біреу сіздің сыртыңыздан «мен мәселемді Серікбай мырзаға барып шешіп келдім» деп әңгіме айтып жүрсе қалай боласыз? Абыройды адам қасықтап жинайды, ал, оның шелектеп төгілуі бір сәтте.
Дәл сол сияқты көп жыл облыстың бас имамы болған Шүкіролла Мұхаметжановтың баласы, кәзір Шымкенттегі «Сабыр ата» мешітінің имамы Абдулазиз Мұхаметжановқа да «Алғыс хат» беріліпті. Ал, бұл мырзаның әкесі де, өзі де кезінде Тәуелсіздік келген соң Қазақстанның дербес мүфтият болуына жан-тәнімен қарсы болған адамдар екенін, мың-мыңдап өзбек ағайындардың қолын жинап, басшылығы Ташкентте отырған Орта Азия діни бірлестігінің қарауында қала беруіне әрекет жасаған адамдар екенін елдің бәрі біледі. Әлі күнге дейін өзі басқаратын мешітте уағыз тек өзбек тілінде жүргізілетініне қазақ ақсақалдары қарсы.
Қазақта «елдің құлағын ұстағаннан судың құлағын ұстаған қиын» деген сөз бар. Бұл мұраптыққа байланысты айтылған сөз. Суды бөлуде әділдіктен қылдай таю адамды абыройсыз ететін болған. Дәл сол секілді «ел басқарғаннан дін басқарған ауыр» деп те айтуға болады. Неге? Себебі, күнделікті тіршіліктегі ақыл-ой санаға байланса, діни сенім түпсанаға (подсознание) байланады, ал, ол санаға бұйрық береді. Дінге бір беріліп, кіріп кеткен адамның одан артқа шығуы өте қиын болатыны сондықтан. Еліміздің байлығына қызыққан жауларымыз қазақты іштей іріту үшін бізді түрлі ислами салаларға жік-жік етіп бөліп тастауға бар күш-қайратын аямай салып жатыр. Және бұл жолдағы олардың жеткен жеңісі де аз емес. Ал, оған біз қай уақытта қарсы тұра аламыз? Бір ұлт – бір дін болғанда ғана. Барлық діни жамиғат имамдардың маңайына ұйымдасқанда, имамдардың абыройы асқақ, кіршіксіз болғанда ғана. «Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың?» демекші, қолы таза емес, ары таза емес адамдар қалай діни жамиғатты басқара алмақ? Басшымын деп көкірегі қайқайып жүруі мүмкін, біақ ондайлардың құны бір-ақ тиын ғой жұрт алдында шынайы беделден жұрдай болған соң.
Біз бұл мәселеге тағы да оралатын боламыз. Күнделікті өмірде де жемқорлық қасырет, ал, діни салада оны түп-тамырымен жойып отырмасақ, ұлттан айырылуымыз оп-оңай.
Өмірзақ АҚЖІГІТ


















4 пікір
21.08.2014 - 10:01
Имамдар түгілі қазақ газеттерінің басшылары да халықтың қамын ойламайды. Әдемі етіп жазады, бірақ артын қадағаламайды. «Қазақия» газетінің мықты тілшісі Қуандық Шамахайұлы қайда кетті? халық оны мақаларын іздеп жүріп оқиды, Гүлсара Байданова деген мықты шықты, ол да жоққ боп кетті. кім шындықты жазады, сол жаман мына өмірде. осы екі журналистің мақалаларын қай газеттен оқимыз енді? Газет басшылары қазақтың қорықпай жазатын журналистерін бағаламайды. Байданова Гүлсараның «Дін» туралы мақаласын қай молда оқыды дейсіз. Редакцияның өзі көзін құртады жақсы журналистің. Парламент Мәжілісінің жаңалықтарын керемет етіп Қуандықтай кім жазады дейсіз енді. Еркеғали Болатов деген шықты енді, көреміз оның да қалай жазатынын, ішімізді пыстырып жібермесе болды, қорқатын болдық қой іш пысудан. Қазақияның беті цветной, сол үшін ғана аламыз ба енді, газетті? Бақыт Жаншаева апайымыз неге журналистердің мықтыларын жұмысқа алмайды екен. әлде, газет әдемі, цветной болып шықса болды ма оған?
21.08.2014 - 11:36
Назима, пікіріңізге рахмет!!! Тек газетті мұқият оқымайтын болып тұрсыз. Қуандық Шамахай мен Гүлсара Байданованың материалдары газеттің әр нөмірінде шығып жүр.
21.08.2014 - 21:43
Мен Байданова Гүлсарамен бір жігіттің туған күнінде таныстым. Үстіне қара шалбар, қара кофта киіп алыпты. ол кезде студентпіз. тамақтан ұялған адам жаман адам деп тамақты өте көп жеді. өзі белі қылдай, шашы ұзын қара торы қыз болатын. менің бір досым сол жерде оған ес түсіз ғашық болды. ертеңіне біз оны ол оқитын университетке іздеп бардық. кешегі гүлсараны мүлдем танымай қалдық. сол жерде біз Беріктің оған не үшін ғашық болғанын білдік. сол жорлы жасыл юбка мен қоңыр кофта киіп алыпты. түнде онша әдемі емес болып көрінген, сөйтсек бір емес, жүз жігітті ғашық етендей қыз екен. Беріктің тіптен есі шықты, осы қызға үйленемін деп бірден кесіп айтты да ағасы мен әпкесін шақыртып, сол күні Гүлсарамен сөйлестірді. Ал, өзі қорқақтық танытып, кафеге бармады. Беріктің әпкесі бұзықтау болатын, гүлсарада да шартшұрт мінез бар екен. екеуі ұрсысып қалыпты. Гүлсара Берікті әпкесі мен ағасын өзіне жібергені үшін кешірмей қойды. кейін сол Берік милиция болып қызметке тұрды, бірақ бір атыс үстінде оқ тиіп қайтыс болды. оның қайтыс болғанын естісе де гүлсара Қайтыс болса қайтем деп аса қатігездікпен жауап беріпті. менің бар білерім осы. одан кейін Гүлсараны мүлдем көрген емеспін, бірақ «ЖамбылТараз» газетінде жұмыс істейтінін естіп, мақалаларын оқып тұратынмын. шыншыл, адал, әділдікті ғана сөйлейтін сияқты жазған мақалаларына қарағанда. Берікте оны сол сүйген шығар. Гүлсара, оқысаң жауап жазарсың. Мен Таразда МБТИ да жұмыс істеймін.
04.09.2014 - 11:38
Негізі дін басындағы азаматтарды қаралай берген жақсы емес. Ертең Алла тағаланың қаһарына ұшырайсың. Дін саласында жүрген азаматтар білу керек: «Кімде кім біреу туралы ғайбат айтса сол адамның етін жегені». Менің пікірім бойынша әр нәрсені айтқанда, жазғанда абайлау керек. Себебі ертең Алла тағала ешкімді жазасыз қалдырмайды. Бұл өмірде өзің көрмесең ұрпағың зардап шегеді. Негізі еркектер қатынның тірлігін қою керек. Газет жаңалық жазу керек, өсек емес. Имамдарды жамандау ол жаңалық емес, ол қатындардың өсегі. Қазақта мақал бар: «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде»-деген. Біз бір-біріміздің артымыздан болмашы нәрсені дырдай қылып көрсеткенше секталармен қалай күресу керектігін қарастырған абзал.