Сіз мындасыз:

Жүз қадамға — бір қадам: саяси және кадрлық реформа қажеттілігі
Жүз қадамға — бір қадам: саяси және кадрлық реформа қажеттілігі

 

 

 

 

 

 Уәдені аямай беретін, бірақ оны орындамайтын билік

 

Қазақстан халқының президент сайлауынан кейін елімізде бір өзгерістер болады деп күтілді. Үміт отын жаққандай сайлаудан кейін іле-шала инаугурация өткізілді. Онда бұрынғыдай сән-салтанатқа орын болмады. Халық оны дұрыс қабылдады.

Әлемдегі соңғы болып жатқан оқиғалар уақыт оздырмауды, кезек күттірмейтін мемлекеттік мәселелерді шұғыл шешуді талап етеді.  Сондықтан асығыс  өткен инаугурацияға түсіністікпен қарады. Тіптен,  кейде, «нәтижесі алдын-ала белгілі сайлауға осыншама қаржыны бекерге  жұмсадық» деген өкініштер айтылды. Бірақ, инаугурация  біте салысымен үкімет құрамы жария етілгенде,  көпшілік өздері күткен өзгерістердің ауылы алыс екенін ұқты. Ал жұрттың үнсіз күткені, алдымен, коррупцияланған билік жүйесін тазарту болатын. Бұл  шара − жүйені толық алмастырмаса да, біршама жаңарулар жүзеге асады деген дәме бар еді.

Бірақ дәметкен халықтың төріне Үкімет сол баяғы құраммен, еш өзгеріссіз қайта қонжиды… Сөйтіп, осыған дейін де талай уәдені үйіп-төкен, бірақ, олардың көбін тиянақты орындамаған, нәтижесінде халықтың сенімін жоғалта бастаған   үкімет сайлаудан кейін жаңа қалыппент жұмыс бастайды дегенге ешкім сене қоймады. Сонда дағы, Президент Үкіметтің бұрынғы құрамын сақтай отырып, уақыт талабына сай жаңа реформалар бастайтынын мәлімдеді. Ол  «100 нақты қадам» деп аталған жоба ретінде дүниеге келді. Оның мақсаты деп «Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі» жоспарды көздейтіні жарияланды. Қазір ол бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстары жер-жерде қызу басталды. Сондықтан, «Қазақия» газеті де оған атсалысуға, «жүз қадамнан» тұратын ол бағдарламаның «әр қадамына» үңіліп, оған өзіндік сараптамалық көзқарасын білдіріп отыруды қажет санайды. Оны «Жүз қадамға» − бір қадам» деген шартты атпен беріп отыратын боламыз.

Алғашқы мақалада «100 қадамның» қоғамдық пікірде қалай қабылданғанына қысқаша шолу жасауды жөн санаймыз.  Шындығына  келсек, бұл жоспар да көбіне сөз жүзінде қалған бұрынғы бағдарламалар сияқты қабылданғанын, сондықтан қоғамда айтарлықтай серпіліс туғызбағанын атап айтар едік. Оның себебі мынада сияқты: осыған дейін көптеген қателіктерге ұрынған Үкімет  «100 қадам» Жоспарына ешбір дайындықсыз келген десе болады. Өйткені, аталған Жоспарда көтерілген көптеген мәселелердің елімізде  түбегейлі саяси және әлеуметтік реформалар жасамайынша шешімін табуы екіталай, тіптен, мүмкін емес. Оны іске асыратын «қоғамдық бақылау» азаматтық қоғамның негізі қаланғанда ғана пайда болады. Ал автократиялық билік жағдайында коррупцияланған, сыбайластық және эгоизм дертіне шалдыққан саяси-құқықтық, әкімшілік және кадрлық ресурспен, яғни, ескі база күшімен оны жүзеге асырамыз деген қадамды – алдын ала сәтсіздікке ұшырайтын қадам десе болады.

 

 

 

Түрін өзгерткен хамелеон «хамелеон» болып қалады

 

Бұлай дей отырып, біз еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлердің намысына тиюді мақсат тұтпаймыз, олардың арасында көптеген мемлекетшіл азаматтар бар. Олар Отанымыздың көркеюіне шын жүректерімен тілектес. Бірақ мемлекетіміздің әлі де өз потенциалын сай даму жолына түсе алмай келе жатқаны – барлығына ортақ уайым. Сондықтан, осы − «100 қадам» Жоспарының өмірге келуін де Үкіметтің өз әлсіздігін мойындауының бір көрінісі деп қабылдау қажет. Оған көз жеткізуге болатын мысал:  «Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты аурулардың сыртқы белгілерін сылап-сипап қою емес, оларды жүйелі емдеу болып табылатын қоғам мен мемлекетті қайта өзгертуге негіз қалайды»,- дейді. Бұл жерде бірнеше мәселе бой көтереді: Біріншісі – «мемлекеттілікті нығайту». Бірақ қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіндегі үстемдік етіп тұрған «принциптердің» «мемлекетшілдіктен» аулақ тұруы, бұл бағыттағы талпынысты таптап, еңбекті еш етіп жатыр десе болады. Мысалы, қазір әлеуметтік интернет желілерінде «мұғалімдер революциясы» болып жатыр. Ол болмашы ғана мәселеден лап ете қалған өрттей қаулады. Алматы облысы Қарасай ауданы әкімшілігі мектеп директорымен келісе отырып, мұғалімдерді жиі-жиі шаңдата көше сыпыратын сенбіліктерге шығуға мәжбүрлеп келген екен. Сөйтіп, мұғалімдер тегін көше сыпырушыларға айналыпты.

Бұл намыстарына тисе де, олар бұған үнсіз көніп келген. Айман Сағидуллаева деген мектеп мұғалімі бұған шыдай алмай, мақала жазып жиберген. Қоғамды дүрліктірген бұл «жеке бастың» емес,  қоғамда қордаланып қалған, барлық жерде кездесетін мәселе екендігі анық болды.  Енді, сонымен бірге, бұл оқиға білім беру жүйесінде әкімшіліктер мен оқу бөлімдерінің, тағайындалған мектеп директорларының өзара сыбайласып, мемлекеттік мекемелерді күнкөріс көзіне айналдыруға тырысуы, келмеске кетіп бара жатқан, тозған жүйе екендігін анықтап берді. Мұның позитивті жағы деп, қоғам санасы ояна бастағанын, енді қоғам болашақта бұдан өзге де коррупциялық-қылмыстық әрекеттерге бұрынғыға қарағанда белсенді қарсы тұратындығын айтса болады. Даму тенденциясы солай қарай бұрылып бара жатқан сияқты. Басқаша болуы да мүмкін емес, себебі, қоғам енді бұрынғыдай өтірікпен, жалғандықпен өмір сүре алмайтын шекке келіп тірелді. Сондықтан  бұйығы күйден арылып, бас көтерер кезді бастан өткеруде…

Өткен аптада президент Н.Назарбаев «Россия – 24» каналына берген сұқбатында былай: «Егер бұл мемлекеттік құпия болмаса, онда ол туралы ақпарат ашық болуы тиіс. БАҚ талап еткен жағдайда ол ақпаратты бермеуге ешкімнің құқы жоқ»  деп мәлімдеді. Ендеше, билік осы нұсқауды басшылыққа ала отырып, өткір сұрақтарды қоя білетін оппозициялық басылымдармен күресудің орнына, олармен бірлесе жұмыс істеуге қазірден бастап үйрене бастаса, ол өздеріне де, қоғам мен мемлекетке де зор пайда әкелер еді. Бірақ, билік оған бара қояр ма екен? Бармайды, себебі оның қазіргі жағдайы «бір қолы алақан, бір қолы −  жұдырық» дегенге сәйкес келіп тұр. Ал, мемлекеттен аса көп қаражат ала отырып, қоғамның өткір мәселелерінен басын ала қашатын ресми басылымдар мемлекет дамуындағы осы тенденцияны дер кезінде байқауға «мадақтан қолдары тимей» жатқан сыңайлы… Бірақ олар бүгін оянып, Елбасын қолдау үшін өздерінің жұмыс бағыты мен  принциптерін өзгертпесе  ертеңгі күні, тарих алдында ұятқа қалары анық…

 

 

 

Кадрлық саясаттағы  тазарту

Ал оны «тазартудың» бірден-бір ықпалды тетігі – «қоғамдық пікір» болып табылады. «Қоғамдық пікір» деңгейінде «кімнің кім екені» анық, кімнің «қой терісін жамылған қасқыр» екені, кімнің «түсін өзгерткен хамелеон»  екені тура айтылады. Сондықтан, жоспардағы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталған 1-үлкен қадам мен оның ішіндегі 15 «майда қадамдар» кадрлардың «мемлекетшіл пиғылын» анықтайтын басты критерий ретінде «қоғам пікірі» болатынын атап көрсетуі тиіс еді. Өкінішке орай, оны көре алмадық. Ондағы қойылған «кадрлық талаптардан» «авторитарлық жел» соғып тұр…

Мысалы, 1- «майда қадамда» «мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» делінеді.   Алайда, осыған дейін де солай болған, ол ешқандай да жаңалық емес. «Төменгі лауазым» демекші,  «крышалар» кей жағдайларда, өз туыстарын өсіру үшін оны «айдаладағы ауыл әкімнің орынбасары» етіп қояды да, туысы ауыл бетін көрмесе де, кейіннен ол еңбек өтілін тәжірибе ретінде шенін жоғарылатудың құралына айналдыратын. Ондай тәсіл қазір де бар. Ендеше, жоспарда ондай көзбояушылықты болдырмаудың тетіктері қарастырылуы тиіс.

Екінші қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды тіркеу, реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» делінеді. Одан әрі, 5-қадамда: «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру», 6-қадамда: «Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеу» (мемлекеттік қызметкер үшін – жеке жылдық жоспарларды орындау) делінген. Дұрыс. Бірақ қазір де күшін жоймаған «жалған есеп беру» практикасын қайда қоямыз? Мысалы, Әкімдер өздерінің «есеп беру» жиналыс-
тарын «құпия» жағдайда өткізуді әдетке айналдырған. Оның сценарийі алдын ала дайындалып, оған тәуелсіз басылым өкілдері жіберілмейді! Енді не өзгермек? Ештеңе де! Өйткені, «100 қадам» жоспарында ол мәселе айтылмайды. Оның орына  «жаңа этикалық ережелерді бекіту», «этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу» (12-қадам), «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сақтандыру» (13-қадам),  «мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау» (14-қадам), «іс басындағы (басшылық деп ұғу қажет – Ә.Б.) мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу»  (15-қадам) туралы айтылады.  Мұның бәрі де корупция мен сыбайластық үшін үйреншікті мәселелер ғой. «Этика» «Уәкілетті өкіл», «Жемқорлықпен күрес», «Аттестациялау» сияқты талаптар өз антиподтары «ұсталып қалмау», «ақша жасау», «жемқорлықты жасыру», «тамыр-таныстық» сияқты әрекеттерге ұласпасына кепілдік жоқ. Мысалы, еліміздегі ІІМ өткен «аттестация» қалай өткені белгілі. Ендеше оның қайталануына  мұнда не кедергі?!

Сондықтан болар, Елбасы «Россия – 24» каналына берген сұқбатында  «Мен қазір қатты қарсылық боларын білемін. Мен сайлау алды өз платформамда  «осы реформаларымды жүзеге асыруда халық маған қолдау білдірсе» деп бекер айтқан жоқ едім. Қаншама жыл президенттіктен кейін, мен өте күрделі істерді бастау туралы шешім қабылдадым» деп неге айтты?  Айтқан себебі: қазіргі билік жүйесін мемлекетшілдікке, халықтың тұрмыс жағдайын күрт жақсартуға, ел экономикасын заман талабына сай модернизациялауға, экспорттық бағытта шикізат приоритетінен құтылуға, өндірістік тауарларды шығаруға, халық тұтынысын қанағаттандыруға, ғылым мен білім ошақтарын коррупциядан тазартуға, дарындардың қайнар көзін ашуға, азаматты патриот етуге, қоғамды жұдырықтай жұмылдыруға, заң алдында адамдардың теңдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғамға орнатуға бұру – коррупциялық ортада қарсылыққа тап болмақ. Елбасы соған меңзеп отыр…

Яғни,  біз бұдан билікте отырғандардың өздері де көп нәрсені түсінетінін көреміз. Бірақ, олар одан құтылуды  тек «сылап-сипау» қадамдарымен іске асырғысы келеді. Ол мүмкін болмаса да, бұл «сылап-сипау» олардың өздеріне пайдалы. Қазіргі сыбайласқан жүйені сақтау үшін одан әріге барудың да қажеті жоқ. Ондай жалған «мемлекетшіл» қызметкердің логикасы мынаған сай келеді:  «Мемлекетшілдік» − көзге көрінетін, қолға ұстайтын байлық емес. Сондықтан сырт көзге оның көрінісін ғана көрсетіп, іс жүзінде мемлекет ресурсын мемлекеттік қызметті пайдалана отырып, жеке байлықты еселеуге қолдану керек. Өйткені, мұндай мүмкіндік адамға өмірде бір-ақ рет беріледі» деген. Бұдан кейін ол үшін «Отан» атты ұғымнан мағына қалмайтыны айтпаса да түсінікті шығар…

Мұндай «ел басқару философиясын» қалай  өзгертеміз? Елбасы авторитетінің оны өзгертуге қуаты жетер ме екен?..

 

 

Әбірашит БӘКІРҰЛЫ

 

 

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

6 пікір
 

  • Болат

    10.06.2015 - 04:10 Ответить

    Әбірашит БӘКІРҰЛЫ мырзаның соңғы сөйлемі бір романға жүк боларлықтай айтылған. Бар бәле осында жатыр. Ураинада осындай жағдайлар оларды Майдан алаңына шығуына мәжбүр етті. «Қазіргі сыбайласқан жүйені сақтау үшін одан әріге барудың да қажеті жоқ. Ондай жалған «мемлекетшіл» қызметкердің логикасы мынаған сай келеді: «Мемлекетшілдік» − көзге көрінетін, қолға ұстайтын байлық емес. Сондықтан сырт көзге оның көрінісін ғана көрсетіп, іс жүзінде мемлекет ресурсын мемлекеттік қызметті пайдалана отырып, жеке байлықты еселеуге қолдану керек. Өйткені, мұндай мүмкіндік адамға өмірде бір-ақ рет беріледі» деген.

  • Фарида- қазақ қызы

    10.06.2015 - 12:58 Ответить

    Өте күрделі, әрі оқылмалы мақала. Бірақ, ел президентінің халыққа билік күшін беру мәселесі барша үшін үлкен қадам, балық аталмыш 100 қадамнан да артық. Болатыны болар, яғни бірнеше уақыт өте келе, үкімет пен парламент мүшелері Қазақ елін өз мүддесіне алмақ. Яғни, Елбасының авторитеті қазіргі уақытта, сол бағытта жүріп барады.

  • Эльдар

    10.06.2015 - 15:19 Ответить

    Мен тек сеніммең қараймым осы реформаға және сенемім біз дамығаң елдердің қатарына кіретінімізге.

  • Газиз

    10.06.2015 - 15:22 Ответить

    Елбасымыз дұрыс саясат жүргізіп отыр халық сеніммең қараса және қолың берсе әрине үлкен жетістктерге жететінімізге сенімім артып келеді.

  • Оңтүстік Қазақстан Жастары

    12.06.2015 - 16:50 Ответить

    Елімізді алға жетелейтін, әлемдегі озық 30 елдің қатары­на қосылуға мүмкіндік беретін реформалық өзгерістерді өріс­тетуге арналған асқаралы асуларды бағындырудың жоспардың арқасында келешегімізге деген сенім одан сайын өсе түседі.

  • Жаке

    15.06.2015 - 09:23 Ответить

    Нақты 100 қадам реформаға жеткізетін жол деп жатыр. Расында мен де сол 100 қадаммен танысып шықтым негізгі 5 президенттік реформасы талқыланады. Маған үнады

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Июнь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Май    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға