
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, 2020 жылға дейін қабылданған. Бір жақсысы, бағдарламаны іске асырудың нақты қаржы тетігі қарастырылған. Мысалы, оны орындауға бір Шығыс Қазақстан облысы бойынша ғана 5,3 млрд теңге қаржы бөлінген.
Бұл жерде, ең бастысы, еңбек нарығындағы сұраныс ескерілген. Ол бірнеше бағыттан тұрады. Облыстың қалаларында, аудандарында жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамтумен шұғылданатын 20 орталық жұмыс істейді.
Басты бағыт – адамдарды қайта кәсіби даярлықтан өткізу, ең алдыменен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту. Бүгінгі күнге облыс бойынша 6,5 мың адам қайта даярлауға, жаңа кәсіпке бейімделуге жіберілген. Облыс орталығында қызмет көрсету орталығында кәсіпкерлікке үйрету курсы жұмыс істеп жатыр.
Бағдарламаның екінші бағыты адамдардың өз кәсібін ашуына, оны ары қарай дамытуына арналған. Ол бойынша, практикалық кеңестер беріліп, кәсіпкерліктің негізі оқытылып, шағын несие беру қарастырылған. Осы бағытпен 640 өз ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерге несие беру жоспарланған. Осы жобалардың 370-і бекітілген. Бұл несие оларға 4-5 пайыздық үстемемен беріледі. Қазір олар жұмысқа кірісіп кеткен. Жалпы, облыс бойынша шағын несиеге берілген қаржы 1,2 млрд. теңгені құрайды.
Бір мысал. Ұлан ауданына қарасты Егінсу ауылдық округінде тұрып жатқан Тұрсынхан Үсен деген азамат оралмандар санатынан өндірістік кооператив құрып, картоп өсірген. Бұл өңірде бұрын-соңды болып көрмеген өнім жинаған. Бірақ, соншама мол картопты сақтайтын қойма болмаған соң, өнімін арзан бағаға берген.
Келесі жылы бес адам бірігіп, бар-жоғы бес жүз мың теңге несие алып, осы ақшаға картоп тұқымын сатып алып, 42 гектер жерге картоп егеді. Күзде осы алқаптан 130 тонна картоп жинап алады. Қолмен-ақ қазып 30 тонна картоп сиятын ұра салады. Оралман ағайындар елу жыл бойы тазаланбаған 6 шақырымдық су каналын қолмен қайтадан қазып шығып, ауылдың ішіне су жеткізген. Нағыз еңбекқорлықтың үлгісі емес пе?
Үшінші бағытқа келейік. Ол — болашағы жоқ ауылдарды күйлі-қуатты ірі ауылдарға көшіруге көмектесу. Мақсат – еңбек ресурсын тиімді пайдалану. Бүгінгі күнге облыста әлеуеті төмен 56 ауыл анықталып отыр.
Әсіресе, осындай ауылдардың жастарына баса көңіл бөлінуде. Олар өздері қоныс аударып келген жерде жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етіледі. Басқа мамандық меңгеруге тартылады.
Облыстағы Өскемен, Семейден өзге Зырян, Риддер секілді әжептәуір ірі қалаларда жұмыссыздар үшін арнайы тұрғын үй құрылысы жүруде. Жоғарыда аталған ауылдардың тұрғындары әлгі салынып жатқан үйлерге көшіріле бастайды. Осы елу алты елді мекеннен 140-тай отбасы қалаға көшіп келуге ниет білдірді.
Осы екі аралықта тиісті саланың мамандары жұмыссыздық сырын еңбек нарығындағы ұсыныс пен мамандарға деген сұраныстың сәйкес келмеуінен іздейді. Мысалы, қай мамандықтың сұранысқа ие екендігін болжап отыратын арнайы қызмет жоқ. Облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бар. Осы басқарма әр апта сайын қажетті мамандықтардың тізімін жасайды. Сол бойынша білім беру мекемелеріне тапсырыс жасалады. Бірақ, бітіргендер туралы сол оқу орындарының басшылары нақты дерек бермейді.
Ал, негізінен мұғалімдер даярлайтын Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін жыл сайын бітіретін бір мың студенттің барлығы дерлік қалада қалуға тырысады. Енді ауылдан грантпен келіп түскен студенттер оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл бойы ауылда жұмыс істеуге міндетті деген талап қойылып отыр.
Облыс бойынша биыл кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 3,5 мыңдай адам даярлау жоспарланған. Қазір техникалық мамандықты таңдағандар үлесі 80 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл облыста жүргізіліп жатқан үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына да байланысты болса керек.
Бір мысал. Өскеменде автокөлік шығаратын «Азия-Авто» деп аталатын зауыт бар. Таяу болашақта осы зауыттың келесі кезектегі жаңа жобасы іске қосылады. Міне, сол кезде мыңдаған білікті жұмысшылар қажет болады.
Өскеменде № 1 кәсіптік-техникалық лицейі бар. Оқу базасы жақсы. Бір өзінде 8 шеберхана, 23 оқу орталығы, 4 зертхана бар. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша лицей заманға сай құрал-жабдықпен жарақтандырылып жатыр. Ол 4 жылдан бері атақты «УМЗ» (Үлбі металлургия зауыты) үшін аппаратшы-гидрометаллург мамандарын даярлап келеді. Жалпы, лицей түлектері барлық мамандықтар бойынша жүз пайыз дерлік жұмысқа орналасады. Бұл кәсіби мамандықтарға деген сұранымның күннен күнге асып отырғанына куә. Қазір қалалық жерде шаштараз, аспазшы мамандығына деген сұраным түсіп кетті. Керісінше, ауылдық жерде оларға деген сұраныс басым болып тұр.
Ауыл демекші, қазір үкімет мал шаруашылығы саласына баса көңіл бөліп жатыр. Қазір мал мамандары тапшы. Мал басын асылдандыру үшін малды қолдан ұрықтандыру пункттері барынша көптеп ашылмақ. Міне, осы пункттерде жұмыс істей алатын маман жоқ.
Өскеменнің тап іргесіндегі Саратов ауылында ежелден келе жатқан совхоз-техникум бар. Ауыл-ауылдан осы техникумға тегін оқытуға жастарды шақыртқан. Шақырылған ауыл жастарының барлығы бұдан бас тартты. Яғни, ауыл жастарында жұмыс істеуге келгенде кері тарту басым деген тұжырым жасауға тура келеді.
Елге танымал бір саясаттанушымыз таяуда мынандай бір ой айтып қалды: «….ел болашағы өзіміздің қолымызда. Қол қусырып қарап отыра берсек тұңғиыққа бата береміз, тіпті бүгінгі күнімізден айырылып қалуымыз ғажап емес. Ал егер еліміздің азаматтары белсенділігін арттырса, жақсы өзгерістерге қол жеткізуге болады. Еліміз бабаларымыз армандаған Жер-
ұйыққа айналып, табиғатпен гармонияда өмір сүретін экологиялық тепе-теңдік сақталады. Қазақ жерінен барлық полигондар әкетіліп, олардың орнына табиғи қорықтар жасалатын болады. Бұл арманды іске асыру үшін тәулігіне 26 сағат, аптасына 9 күн аянбай еңбек етуіміз керек».
Не қосып-алуға болады?!
С.Төлеуов, Семей

















Жауап беру