
Біздің үкіметтің К.Мәсімов қол қойған еліміздегі шағын қалаларды 2020 жылға дейін дамытуды көздейтін қаулысы бар. Ары қарай олар өзінен-өзі дами бере ме, әлде, орта жолда қала ма, ол жағы белгісіз. Моноқалаларды дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған бағдарламасының бекітілгеніне де екі жылдан асыпты.
Бірақ, осынау бақандай екі жыл ішінде атқарылған жұмыс жайында есеп беріп, бағдарламаның орындалу барысын таныстырып жатқан ешкімді байқамадық. Соған қарағанда, 2020 жылдың аяқталуын күтетін шығармыз.
Жалпы, қазақ үкіметінің тәуелсіздік жылдарында бекіткен бағдарламасының жемісі ретінде бір нәрсені толық аңғаруға болады. Бағдарламаның қалай орындалатындығына. Сонымен жұмыс істей бастасақ жақсы ғой. Жоқ, олай етпейміз. Егер ол ұлттық басқару холдингі болса, бірнеше еншілес компания жасақталады. Олар да қарап отырмайды. Реті келсе, жергілікті жерлерде өзінің салалық мекемелерін ашады. Ол мекемелер көбінесе негізінен несиеге ақша таратумен айналысады. Банкісі қайсы, холдинг, компаниясы қайсы, кейде айырмай қаласың. Осылай жалғасып кете береді. Сөйтіп жүріп, бағдарламаны қолға алғанша, 2020 жылың не, 2050-ге де жетіп қалармыз.
Бірақ, біздің айтайын дегеніміз ол емес. Жуықта ғана «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» деп аталатын тағы бір АҚ – Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несиелеуді бастайтынын мәлімдеп тастады.
Аталмыш компанияның мәліметіне қарағанда, 2014 жылы моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қор Қазақстанның 10 аймағында 1,4 млрд теңгелік шағын несие бермек. Ол үшін әлгі қор Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Қостанай облыстарында аймақтық уәкілетті ұйымдарын құрып алған. Енді тағы 5 облыста – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды – келісім-шарттар жасауға кірісіп жатқан көрінеді.
Шағын несиені моноқалалар мен оларға бағынышты елді мекендердің өз ісін ұйымдастыруға немесе кеңейтуге мүмкіндігі бар тұрғындары ғана алуына мүмкіндіктері бар екен. Жөн екен, делік.
Қордың директорлар кеңесі бекіткен, моноқалалар тұрғындарын несиелеу талабы былай дейді: «қарыз сомасы – 3 млн. теңгеге дейін, сыйақы үстемесі – жылдық 6%, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7% аспайды, қарыздың мерзімі – 4,5 жылға дейін, қамтамасыз ету – Қордың кепілдік саясатына сәйкес. Негізгі борыш пен үстемені қайтару бойынша жеңілдетілген мерзім бекітілген – несиелеу мерзімінің үштен біріндей». Әрине, пайыздық өсімі соншалық көп емес әрі мерзімі де ұзаққа созылмайды. Мұндай несиенің тиімді екенін түсіну үшін экономикалық жоғары білім алудың қажеті жоқ.
Несиелеу тетігінің өзі бірнеше кезеңнен тұрады екен. Біріншіден, моноқаланың тұрғыны қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, құжаттарын тапсырады. Жұмыспен қамту орталығы талапкерлер тізімін жасап, комиссиямен келіседі және талапкермен әлеуметтік келісім-шарт жасайды. Екінші кезеңде, талапкерді несиелеу мүмкіндігі бойынша қормен алдын-ала жасалынған келісімнен кейін, жұмыспен қамту орталығы талапкерді кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жібереді. Оқыту сертификатын алған соң, талапкер несиелеу туралы өтінішін қордың филиалына немесе шағын несие ұйымына тапсырады. Талапкердің жобасы қарастырылып, несие комитетінің жағымды шешімінен кейін шағын несие беріледі.
Бұл бағдарламаның екінші бағыты – моноқалалар тұрғындарын жұмыспен қамтудың тиімді құрылымын құру үшін экономиканы әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бұл мақсатта республикалық бюжеттен 1,9 млрд. теңге бөлу жоспарланыпты.
Жалпы мұндай істі «Даму» секілді қорлардың жұмысынан да аңғаруға болады. Бірін бірі қайталаған, көбінесе ақшадан ақша тудыруды көздейтін мұндай қорлар мен холдингтер еліміздің гүлденіп дамуына қаншалықты үлес қоса алады екен? Бәлкім, коммерциялық банктердің жұмыс-
тарын жандандыруға пайдасы тиетін де шығар.
Бірақ, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қаржы нарығында несиеге иек артқан елдердің экономикалық дағдарысқа тереңдеп енетіндігі аңғарылған. Оның сыртында, жоғарыдағы қорлар мен холдингтер несиелеу жұмысын жүргізгенде нарықтың жай-жапсарын қаншалықты зерттеп отырғаны жайында нақты мәлімет жоқ. Дәл қазіргідей несиенің өсімі 8-15 пайызды құрап отырған жағдайда, оны құлшынып алуға мүдделі тұлға табыла ма деген мәселе де алдағы уақытта заңды түрде туындайды.
Әлемде бір де бір ел тек өзінің ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп дами алмайды дейді экономистер. Бірақ, үкіметі несиеге сүйеніп, шетелден келетін инвестицияның ғана арқасында қарыштап дамып кеткен елдер саусақпен санарлық болса, банкротқа ұшырағандары өте көп. Дегенмен, қазіргі таңда дамудың шыңына жеткен елдердің бірқатары алғашқы жылдарында шетелден қарыз алып, жоба-жоспарлары мен бағдарламаларын жасап, жүзеге асырғанын да жоққа шығарудан аулақпыз.
Негізі, қолда қаржы болса, жұмыс істеуге болатыны бес жастағы балаға да мәлім. Бірақ, қарызданып алған несиені қалай жаратып жатырмыз дегенге келгенде проблема туындайтыны анық.
Демократиялық қоғамда, бәсекелестік даму үшін мемлекеттік буындар жекеменшік нысандардан бойын аулақ ұстауға тиіс. Бірақ, біздің шенеуніктердің бизнеске араласатыны шындық. Ет-жақын туыстарының атына тіркетіп қойған компаниялары арқылы барлық артықшылықты басып қалуы шынайы іскер қауымды банкротқа тіреп отыр. Бизнес пен саяси элитаның мидай араласып кетуі заңды белден басуға әкеліп соқтырып жатыр. Түрлі деңгейдегі әкім-қаралар үстінен қозғалып жатқан қылмыстық істің өсуі түптің түбінде елді тығырыққа тірейтін қауіпті құбылыс.
Қаптаған тексеріске мемлекет басшысы мораторий жариялап та көріп жатыр. Бизнес өкілдеріне алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, олар жұмыс орындарын ашып, ел бюджетіне қыруар қаржы құйылар еді.
Ең сорақысы — биліктің өзі атқаруға тиіс міндеті мен бизнестің иеленуге тиіс құқығын қамтамасыз еткені үшін пара талап ететіні, оны бермесе қысым жасайтындығы. Өзінің ұлттық іскерлеріне қиянат жасаған ел қалай дамымақ?!
Жағдай осылай жалғаса берсе, ұлттық бизнес алпауыттары қалыптаспайды. Тұрақты дамуды қамтамасыз ете алмаймыз, әлемде бәсекелесуге қабілетті ұлттық компаниялар да өсіп шықпайды. Керісінше, жинаған капиталын өзге елге апарып, инвестиция етіп құюға мәжбүр болуы мүмкін. Немесе капиталды тым ұлғайтуды «сау басқа сақина тілеу» деп санап, шектеп тастаса, ұлттық экономика үшін ол да бір қайғы.
Жалпы, дәл осы жерде Елбасының «алдымен экономика, сосын, саясат» деген сөзін бизнес пен саясаттың аражігін ажырату ретінде қарастыру жөн болмақ. Бірлі-жарым әкім мен министрдің ақыл-кеңесіне қарап қалған ештеңе жоқ, дамитын бизнес өз жолымен де гүлдене алады. Алайда, бұл жерде іскерлер білгендерін істесін, не бүлдірсе де үкімет оны көрмей-ақ қойсын деген ұғым тумаса керек. Әрине, заңдылықты қадағалау, ұлт мүддесі үшін оларды бақылауда ұстаудың еш сөкеттігі жоқ.
Бірақ, билік иелерінің қолайына жақпағаны немесе «откат», «шапка» секілді параның аты өзгерген түрлерін ұсынбағаны үшін соңына шам алып түсер болса, оның несі жақсы? Айналып келгенде, жасалған бағдарлама, бөлінген қаржы «етектен кесіп жең жасаудың» үлгісімен рәсуа болмаса, талан-таражға түспесе, бәрінен маңыздысы сол болып тұр.
Қ. Шамахайұлы














Жауап беру