
Украинада сұрапыл соғыс жүріп жатыр. Луганск, Донецк қалалары талқандалған. Украина менің жалындаған жастық шағым өткен жер, жүрегімде үлкен махаббаттың жазылмас жарасы қалып еді.
Мен ол сұлуды алғаш көргенде қазақ қызына ұқсаттым. Өйткені оның шашы қара, қой көзді болатын. Адам ағаштың әдемілігіне қалай қызығады, мен де бір бәйтерек көргендей көзім тоймай сүйсініп қарай бердім, қарай бердім. Сұңғақ бойлы, жас қыз талшыбықтай бұрала басып аялдамаға келген трамвайға міне бергенде соңынан еріп көлікке қалай мініп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Тәкаппар қыз трамвай вагонының алдыңғы жағында тұр. Қадала қараған мен трамвайдың артқы жағындамын. Мына қызбен қалай таныссам екен? Өзім оқитын Львовтағы жоғары әскери училищеде болатын би кештеріне қыздар көп келеді, бірақ осындай сұлу жанды мен еш жерден кездестірген емеспін.
Өзінің шын сұлулығына сенімді тәкаппар қыздар кілең жігіттер оқитын әскери училищеге бармайтын шығар. Әдемі қыздар тәкаппар болады, көшеде таныспайды. Келесі аялдамада қыз трамвайдан түсуге ыңғайланды. Қазір бұл қызды мәңгілікке жоғалтам, бүгін бірінші де ең соңғы рет көруім, осы қыз өмір бойы түсіме кіретін болды-ау.
Есімді бір жисам, сұлу мүсіннен көз алмай, қызға еріп келеді екем. Менің даусымның дірілдегені, қыздың бетіне тура қарай алмай кекештенгенім әсер етті-ау деймін, бойжеткен маған күлімсірей қарады, оның жылы қабағы бойыма батылдық бітірді. Тіпті кездесуге келісім бергенде өз бақытыма өзім сенбедім. Алғашқы кездесуде қыздың қай институтта оқитынын, жанұясы жайлы мөліметтер білдім. Өзім оқитын әскери училищені көруге шақырдым. Сондай кездесулер жалғаса берді, уақыт өткен сайын мен ол қызды ұната түстім. Ол кезде біз қалта телефонының не екенін білмейміз, мен оған, ол маған күнде күнде ыстық сезімге, махаббатқа толы сағынышты хат жазатынбыз, үлкен бір чемодан менде әлі күнге дейін сақтаулы.
Бірімізді біріміз іздеумен, қызғанумен, сағынумен екі жылдың қалай лып еткенін байқамай қалыппыз. Мені қызықтырған қара шаш, қара қастың себебін кейін түсіндім. Менің сүйіктімнің туған жері — Карпат тауы екен. Тау халықтарының бір біріне түрлері ұқсайды, армян, әзірбайжан халқының шаштары, қастары қара.
Менің ғашығым София Ротаруға ұқсайтын, бірақ ол ешуақытта боянбайтын, оның сұлулығы құдайдың өзі берген табиғи сұлулық. Мен украин қызына үйленем дегенде әкем де, шешем де қарсылық білдірді, бірақ туыстардың ақылын мен тыңдамадым. Тек үйге келгеннен кейін келіннің келбетін көріп әке-шешемнің жүзі жылыды.
Армандаған оқуымды бітіріп, туған жерге оралдым. Дүниеге алтын асықтай ұл келді. Тым нәзік туып, анасының сүті жетпеді. Көршілер әйеліме қаймақ қосып шай ішуді үйретті, ұлым торсықтай боп тез жетілді.
Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды дейді қазақ. Орыс халқы онша жершіл емес, қарыны тойған жерде қызметін істеп жүре береді. Украин халқының жөні бөлек, олар жершіл, ұлтшыл. Совет Одағы бар кезде офицерлерге самолетке билет тегін, сондықтан әйелім жылына бір рет, Карпатқа жыл сайын еш қиындықсыз барып тұрды.
Сөйтіп жүргенде Украина дербес мемлекет, Қазақстан егемен ел болдық. Есің барда елің тап дегеннің не екенін түсіндік. Бір топырақта тәрбиеленбеген, әдет-ғұрпы, діні бөлек жанмен толық тіл табысу мүмкін емес екен.
Бір демалысқа келгенімізде анам маған: -Тірлік бар жерде, өлім бар, оранып шығатын жақсы кілем әкел,-деді. Сол кілемді сатып алып тұрғанда әйелімнің: -Анаңды жерлегеннен кейін бұл кілем кімге қалады?-дегені. Анасын жерлеген қай қазақтың ұлы мен қызы кілемді ойлайды. «Никому не достанется, сожгем»,-дедім.
Көзі тірісінде анам қыста сойған соғымның қазысын күзге дейін сақтайтын. Сүрленген қазының дәмінен асқан дәм жоқ-ау қазаққа. Аяулы анашым өмірден өтсе де қаптың түбінде сақталып қазы қалып қойыпты. Шіркін, анамның қолы тиген ет, сенен тәтті, сенен қастерлі тамақ бар ма екен бұл ғаламда. Сол сүрді «Сушеное мясо, воняет…»,- деп әйелім мен үйде жоқта итке лақтырыпты.
Осы әңгіменің басында Украинада сұрапыл жүріп жатыр дедік қой. Сол шайқастарда бөгде ел үшін қан төгіп, айрылысарда анасына еріп кеткен менің ұлым жүр.
Қайтейін…
Асқар Құттыбайұлы, отставкадағы әскери подполковник, Семей















2 пікір
11.09.2014 - 18:27
Асқар, мақалаңды оқыдым. Әсер қалдырды, курсанттық жастық шақты еске алып. Қайдасың, бауырым? Менің электрондық поштама хат жаз: . Күтемін.
15.09.2014 - 21:21
Өзіне де сол керек! Жас кезімде бірге оқыған орыс жігіті (17-18де), маған, мені тос әскерден, үйленейік деген сөз айтып жүрді. Сонда, қазақша да сөйлемеген мен, түк айтпасам да, ішімнен саған шошқа борш пісірерім жоқ деп ойлағам. Қалжыңдап айттым да ғой деймін. Ал былай жап-жақсы жігіт болатын. Менің тигенімнен жақсы болмаса жаман болған жоқ. Қайтейін, қазақ емес. Ал мынау сол кезде ұлтын ойламады деп айта алмаймын. Өйткені мен, мүлде орыстілді қыз бола тұрып ойладым соны. Бұның жәй ғана, өз ұлтын қыздан кем сүйгені…