
Соңғы кезде ресей экономистері «нағыз қиын жағдайға бұл елде емес, АҚШ бастаған дамыған батыс елдері тап бола бастады» деп жазуда. Бірақ, бұл жайлы батыстың ақпарат құралдары мен экономистері жұмған аузын ашпайды, себебі олар не істерін білмей дал болып отыр дейді. Ең қызығы, өздері құрған тұзаққа өздері түскен олар бұл тығырықтан шығамыз деп ұмтылған сайын мойнындағы қыл тұзақ тарыла түседі,-дейді. Әңгіме не жайлы сонда?
Ресейдің алдымен Қырымды аннексиялап, сосын Шығыс Украинаның екі облысын іс жүзінде Приднестровье секілді өзінің сойылын соғатын буферлік мемлекет жасап алуына қарсы әскери түрде ешнәрсе жасай алмаған Батыс елдері Ресейге қарата санкциялар жариялаумен қатар мұнай мен газдың, Ресейдің басты экспорт көздерінің, демек бюджетінің әрі алтын-валюта қорының (АВҚ) негізін құраушы екі шикізаттың бағасын күрт түсіріп жібергені мәлім. Рейганның кезінде осы тәсіл КСРО империясының құлауына апарып соққан басты себептің бірі болған еді. Бірақ, бұл жолы батыс әлемі үшін оның тиімділігі тым төмен көрінеді. Неге?
Ресей мұнай мен газын, әрине, долларға сатады. Сосын бұл долларды …бірден алтынға айырбастап алады. Яғни, Ресейдің мұнай мен газдан түсер табысы азая бастаған сайын оның алтын-валюта қорындағы алтынның үлесі көбейе түсуде (1-сурет). Өткен жылдың үшінші тоқсанында Ресей 55 (ал жыл бойында 115) тонна алтын сатып алды. Бұл басқа барлық елдің Орталық банктері сатып алғанды қосқандағыдан да көп. Ресми деректер бойынша аталған мерзімде барлық орталық банктер 93 тонна алтын сатып алған. Соның 55 тоннасы – Ресейдікі.
Парадокс пайда болды – әзірге Еуропа ресейлік энергоресурстарсыз күн көре алар емес, Ресей болса мұнай мен газден түскен долларға тек алтын сатып алуда, ал, алтынның бағасын АҚШ мемлекеті арнайы заң қабылдап төмендетіп отыр! Не үшін? АҚШ долларының бағамы тұрақты болуы үшін. АҚШ жасанды түрде доллар бағамын көтеріп ұстауда. Көтеріп ұстау үшін қаржы әлемінде антидоллар болып есептелетін алтынның бағамын төмендетіп ұстауға мәжбүр. 1944-жылғы Бреттон-Вуд келісімі бойынша доллардың құны алтынмен қамтамасыз етілген болатын, ол алтынға еркін айырбасталатын және оның құны сол арқылы табиғи түрде реттеліп отыратын.
Фридман бастаған неолиберал ғалымдардың ХХ ғасырдың екінші жартысындағы «пайдаға (прибыль) барлық жағдайды жасау керек, «оны бақылауда ұстап, шектеп, қандай да бір шеңберде ұстап, реттеп отыру керек» дейтін Кейнс ұстанымы өзгерді, пайда тапқан адам сол пайданы тағы да пайда табу үшін айналымға салады, осылайша ақша өзін-өзі реттеп отырады» деген жаңа ұстанымы жанына майдай жаққан АҚШ президенті Рональд Рейган 1971-жылы Бреттон-Вуд келісімін бұзды. Сөйтіп, әйгілі «рейганомика» басталды, «ең маңыздысы өндіріс емес, ең маңыздысы қаржы, қаржы болса бәрі болады» деген қағидат салтанат құруға кірісті. Алдыңғы орынға нақты зат, материалдық құндылық жасап шығаратын зауыттар мен фабрикалар емес, өсімімен несие беретін банктер шықты. АҚШ бастаған Батыс әлемі өндірісін жұмыс күші өте арзан, пайданы еселеп табу үшін Азия елдеріне жаппай көшіре бастады. Осылайша, отыз бес жыл өткенде «Қытай әлемнің ұстаханасына» айналып шыға келді. «Жолбарыстар» атанған Оңтүстік Азияның Таиланд секілді елдері де соның арқасында күрт дамыды. АҚШ болса кәзір баспаханадан шектеусіз басылып шығып жатқан «доллар» атты қағаздың тұтқынына айналды.
Осыны пайдаланған Путин мұнай мен газдан, және уран сатудан түскен қаржыға арзан бағаға таза алтын сатып алуда. Бұл идеяның авторы, әрине, Путин емес, оның экономика мәселелері бойынша кеңесшісі академик Сергей Глазьев,-дейді білетіндер. Тек, Путин тағы бір алып елдің – Қытайдың қолдауына сүйеніп іске асырып отыр бұл идеяны,-дейді және. Қазірдің өзінде экономикасының жалпы көлемі жөнінен Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші орынға шыққан (жан басына шаққанда жапондар әлде де екінші орында), алдағы ары кетсе он-он бес жылда Американы да басып озуға анық бел байлап отырған, сөйтіп әлемге өз үстемдігін орнату күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын Қытай елі да жақында өзінің АВҚ-дағы доллардың үлесін ары қарай өсіруді тоқтатады деп мәлімдеді. Яғни, қытай тауарлары долларға сатылмайды деген сөз бұл.
Әрине, АҚШ-тың ең үлкен кредиторы – Қытай-АҚШ сауда теңгерімінде қытай жағының үлесі америкалықтардікінен бес есе көп – өз тауары үшін долларды қабылдамайды деген сөз емес, сол долларды таза алтынға айырбастап алады деген сөз. Және тек қана америкалық тауарлар үшін ғана емес, жалпы кез келген саудадан түскен қаржыны бұрынғыдай доллар түрінде емес, таза алтын түрінде сақтайды дегенді білдіреді бұл.
Осы тұрғыдан алғанда қытайлық-ресейлік сауда қарым-қатынасы бұрынғыша әлемде қабылданған резервтік валюта – доллармен жүрмей, алтынмен жүріп жатыр. Бұл екі жаққа да тиімді, доллар сияқты басы артық делдалдың кімге қажеті бар?
Бірақ, әлемдік таза алтын нарығы өте кішкентай екенін атап кету керек. Әсіресе, газ, мұнай және уран саудасының көлемімен салыстырғанда. Біз оқырмандарға түсініктілеу болу үшін «таза алтын» деп жазып отырмыз, сауда ісінде «физикалық алтын», яғни қағаздағы алтын емес, табиғи алтын дегенді білдіретін термин қолданылады. Ресей өзінің табиғи ресурсына табиғи алтын алса, Қытай да дәл осыны істеп отыр. Егер қағаздық алтын (shitcoin) нарығы айына 360 млрд.долларға тең болса, оның ішінде табиғи алтынмен жүргізілетін сауда 280 миллион долларға ғана тең. Тек Ресей мен Қытай ғана емес, БРИКС (Бразилия, Ресей, Индия, Қытай және Оңтүстік Африка) ұйымына өзге елдер де өз ресурстарын табиғи алтынға саудалауға көшіп жатыр.
Соның салдарынан Батыс әлеміндегі алтын қатты қарқынмен аталған елдерге қарай көшуде. Ал, бұл әлемдік доллардың үстемдігіне, оның гегемониясына қатер төндіруде. Себебі, доллар бүгінгі таңда ақырғы төлем құралы болып отырғаны белгілі. Оны басқа қандай да бір активке айырбастап, байлығыңды сол активте сақтаудың қисыны жоқ. Сол себепті, әлемнің барлық елдері өз байлығын долларда сақтайды. Қытай мен Ресей бастаған елдер үрдісі іс жүзінде осы үрдісті бұзуға бағытталған. Соңғы төлем құралы әрі жинақталған актив (байлық) рөлін қатар атқарып келген доллар іс осы беталысынан айнымаса, бұл екі рөлінен де айрылып қалу қаупі бар. Ол бұл екі рольді де шынайы байлық көзі, ешқандай елдің жеке ұлттық валютасы болып табылмайтын активке – алтынға беріп тынады. Ал, сонау Бреттон-Вуд келісімі кезінен белгілі қағида бар: «Кімнің алтыны көп, ережені жазатын да сол».
Қытай соңғы рет өзінің алтын қоры жайлы 2009-жылы мәлімет берді – 1024 тоннаға тең екен. Бірақ, әлемнің айтулы экономистері мен сарапшылары қытай жағы әдеттегідей сырын ашпай отыр, шын мәнінде бұл елде 30 мың тоннаға жуық алтын бар деген ойда. Hunt Strategic Services сараптау компаниясының жетекшісі Саймон Хант «1983-жылдан 2002-жылға дейін 25 мың тонна жинап алды» деп есептейді.. Бірақ, батыс әлемі бұл жағдай жайында жақ ашпайды. Себебі, Бүкіл Нобель лауреаттарының басым көпшілігі жиналған АҚШ-тағы экономистер фридмандық монетаризм тұйығынан қалай шығудың жолын таппай қалжырап отырғаны секілді, бұл мәселеде де не істеуді білмейді. Бірақ, жақ ашса болды талапшыл батыс қоғамы сол сәтте бұлардың алдына екі сұрақты қоятынын біледі. Біріншісі, Батыс әлемі қашанға дейін Ресейдің газы мен мұнайын табиғи алтынға сатып алуға шыдайды? Екінші, және ең басты сұрақ, ресейлік газ бен мұнайға, уранға, қытайлық тауарларға төлейтін табиғи алтын таусылған кезде Батыс қандай қадам жасай алады?..
Goldman Sachs 20 жылдан кейін әлемдегі алтын қоры таусылады, оны өндірудің шырқау шыңы 2015-жылға тура келеді деп отыр. Ал, қор таусылды дегенше алтынның бағасы да күрт өсетіні кімге де болса түсінікті. 20 жыл дегеніңіз зу етіп өте шығады, оның қалай өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. «Жыланды үш кессе де кесірткелік әлі бар», әлемдік экономиканың 20 пайызын ұстап отырған Америка өлмес, бір нәрсе етіп күнін көрер. Ресей мен Қытай бастаған БРИКС-тің жоспарын да білдік. Біздің елдің басшылары не істеп жатыр болашақ үшін? Мұнай мен алтын қорымыз да таусылуы мүмкін. Сол кезде көрер күніміз не болады? Әдеттегідей «көппен көрген ұлы той» деп жайбарақат жүре береміз бе? Бүгінгі байларымыз бен билеріміз жеті ұрпағына жететін байлық жинап алған шығар-ау, қара халықтың халі не болады? Оны айта алатын жан бар ма?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ






































Жауап беру