
Қыркүйектің 25-26 жұлдызында Ақтөбе қаласында «Ақтөбе облысы саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасы бойынша ұйымдастырған «Өңірлік БАҚ-тардың жұмысын жаңғырту» деген тақырыпта ауқымды медиа-форум өтті. Бұл шара бұған дейін ұйымдастырылған «Журналистік қоғамның бірігуін ұйымдастыру жұмыстары, екі жақты қарым-қатынасты дамыту және БАҚ пен мемлекеттік ұйымдардың өзара байланысы, журналистердің құқығын қорғау» атты әлеуметтік жобаның орынды жалғасы болып табылды. Осы жоба аясында өткізілген жас журналистерге арналған оқыту семинарлары да өз нәтижесін беріп келеді.
Қыркүйектің 25 жұлдызында басталған медиа-форум әдеттегідей салтанатты жағдайда ашылды. Пленарлық мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ашты. Мұнан кейін сөз алған Қазақстан журналистер Одағының басқарма төрағасы, журналист Сейітқазы Матаев журналистиканың, оның ішінде, қазақ журналистикасының алдында тұрған өзекті мәселелер мен өткір проблемаларға тоқталып өтті.
Әрине, қандай да бір жиыннан кәсібіне қажетті нәрсені іздеп жүретін журналистер жиынның екінші жартысын тағатсыздана күтті. Ол орынды да еді, газеті бар, теледидары бар, жиналған журналистер үшін біліктілік класын өткізуге келгендер арасында Бас редакторлар клубының директоры, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай, «Абай.кz» ұлттық порталының жетекшісі, жазушы, журналист Дәурен Қуат, «Түркістан» газетінің бас редакторы, журналист Шәмшедин Пәттеев және басқалар бар еді. Аталмыш медиа форумға журналистика саласының белгілі өкілдері қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен бас қосқан жиында олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, біліктілік сабақтарын өткізді
Жиын соңынан біз пікірлескен әріптестеріміз өз ойларын төмендегідей өрнектеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі:
– Ақтөбе қаласында екі күнге созылған «Өңірлік БАҚ жұмысын жаңғырту» форумы, әсіресе, жас журналистер үшін аса қажетті дүние болды. Мұнда ұшқыр қалам иелері мен телерадио және электронды БАҚ өкілдерінің Қазақстан мен Ресейдің белгілі тәлімгерлерінен көп нәрсе үйрендік. Мен өзім БАҚ саласының топ-менеджері Қалыбек Атжан мен «Abai.kz» порталының бас редакторы Дәурен Қуаттың шеберлік сыныптарында болдым. Бүгінгі журналистиканың қыр-сырына бойлап, өзімізге қажетті бірқатар мәліметтер алдық.
Осы тұста айта кету керек, форумды ұйымдастырушы, «Білезік» журналының бас редакторы Әлия Тұрниязованың еңбегі өлшеусіз. Журналистерді қарсы алудан бастап оның жүзінен жылулық байқадық. Бұл оның көпшіл, адамгершілігінің жоғары екенін байқатты. Соның нәтижесінде екі күннің ішінде жақын туыстай болып кеттік. Әлияның журналистикадағы еңбегіне үлкен жеміс тілейміз. Өзі басқаратын «Білезік» журналынан салмақты мақалаларды көре берейік дейміз. Сондай-ақ, журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруда мұндай жиындар көп болса екен деген тілек бар.
Юлия Савченко, «Муғалім» мектебінің директоры:
– Мен Евгения Головняның шеберлік класын үлкен ықыласпен тыңдадым. Бұл кісі өте білікті режиссер, деректі фильм жасаудың хас шебері. Оның есімі әлемдік деңгейде белгілі. Оның «Мені өлтірген кісіні жазаламаңыздар», «Юрий Гагарин: Ұл. Бауыр. Жар», «Бесінші элемент» атты деректі киноленталары әлем жұртшылығының жоғарғы бағасына ие болды. Евгения Викторовна хабарламаны оқырманға жеткізуге үлкен сақтықпен қарайды, ол әңгімеленіп отырған адамның, оның отбасының… тіпті, тарихтың алдындағы үлкен жауапкершілікті жанымен сезінеді. Бұл сенсация үшін кез келген адамның жан дүниесін былғай салатын біздің қазіргі журналистер үшін ескеретін-ақ дүние. Ол шеберлік класында өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті, айналамыздағы қатігез де қарбалас, алайда, соншалықты бағалы өмірдің шынайы фактілерін көрсетті. Ақтөбеде өткен медиа-форумға осы шеберлік класы үшін айтар алғысым көп.
Журналист Бибігүл Жексенбай өзінің шеберлік класында жаңалықтар жанрының заманауи үлгілері, бүгінгі телевизия туралы сөз қозғады. «Әлеуметтік роликтер режессурасы» (Г.Үкітайқызы), «Шығармашылық ойлау: газет дизайны» (А.Коньков, Мәскеу), «Жергілікті БАҚ-тардың қызметі. Жұмыс тәжірибесі» (Ш.Пәттеев, Алматы), «БАҚ-тардың жұмысын жаңғырту: мақсаттар мен мәселелер» (А.Қалыбек), «Тележүргізушінің сөйлеу шеберлігі. Қимылдар тілі» (Л.Тормышева), «Заманауи бағыттар: ғаламтор және БАҚ» (Д.Қуат), «Оператор жұмысының шеберлігі» (Ю.Съедин) деп аталған шеберлік кластары да өз саласының қызметкерлеріне көптеген олжалы ой сыйлады.
Жалпы, бұл жиынның жинақылығы ұнады. Кейбір жерлердегідей баратын орнын таба алмай, оқытатын адамын таба алмай сансырап, сапырылысып жүрген ешкім болмады. Сценарий үшін қажетті бірінші бөлім де ұзаққа созылмады. Журналистер әрқайсысы өзіне қажетті шеберлік кластарына барып, қажетті ақпаратын алды.
Бір өкініштісі, шеберлік кластарының бір мезгілде өтуі болды. Шеберлік кластары екі күннің әр мезгілінде болғанда журналистер таңдау мүмкіндігіне ие болар еді, әрине, ұйымдастырушылардың құлағына алтын сырға.
Сонымен, екі жүзге тарта журналистердің басын қосқан жиын да аяқталды. Алыстан келген ағайын Ақтөбенің өндіріс орындарымен танысып, көрікті жерлерін тамашалады. Әрқайсымыз өз саламыздан әлдебір жаңалық біліп, алдағы уақытта жазар тақырыптар да тауып қайтқандаймыз.
Алысты-жақынды сырттан келген қонақтар ауылдарына аттанып кеткен соң да Ақтөбе журналистерінің әлеуметтік желідегі пікірталасы таусылмады. Медиафорум өткізуде қол жеткізген биігіміз, жіберіп алған «әттең-айларымыз» айтылды. Барлық пікірдің қортындысы жалғыз еді: ол – өз қотырын өзі қасып, өз бетінше жүрген журналистер осындай жиындарда жиі бас қосуы керек. Ол журналистер еркін бас қосатын кеңістік, еркін пікір алысатын аудитория болуы керек. Осы мәселеге Ақтөбенің іскерлері мен жергілікті билік өкілдері шындап бет бұрса дейміз.
Әйткенмен, «журналистер мәртебесі» туралы әңгіме тағы да ұмытыла бастады. Не мемлекет санатында жоқ, не бюджеттік ұйым мүшесі емес журналистердің басында көптеген әлеуметтік мәселелердің қордалануы тек бүгін емес. Көбіне құрылтайшының «байлаулы баспағына» айналып, пәтер алу үшін, жоғары жалақы алу үшін «ләппай, тақсыр» деп күн кешіп жүрген журналиске қоғамның ақсап жатқан тұсы неге керек?..
Ал журналиске белгілі бір мәртебе — санат бермеу — бүгінгі биліктің басты көзірі ма деймін, өйткені, санатсыз адам, санда да жоқ адам, өз басымен қайғы болып кетпей ме?!. Санда жоққа, дым да жоқ. Сондықтан, журналистер байшыгештің бишігіне айналып барады. Бас қосқанда, басты мәселені ұмытпауымыз керек. Осындай өзекті мәселелер медиа-форумдар мінберінен жиі айтылса — «тамшы тама берсе, тасты да теседі» дейді ғой, кім біледі…
Шара ЕЛЕУСІЗ,Ақтөбе




















Жауап беру