Сіз мындасыз:

Баламалы энергия көздерін дамыту
Баламалы энергия көздерін дамыту

Қазір барлық жерде болашағын ойлаған елдер баламалы энергия көздерін дамытуға мән беріп жатыр.  Біздің елде сең қозғалар емес. 2015 жылға дейін қайта қалпына келетін энергия қуатын пайдаланудың мөлшерін 1 пайызға, ал 2024 жылы 5 пайызға көтереміз деп жоспарланған. Қазақстанның сарқылмас энергия көздерін пайдалану мүмкіндігінің орасан зор екенін ескерсек, үкіметтің бұл жоспары  күлкі  шақырады. Десе де өмір шындығы осы. Республика  тұрғындарының  басым бөлігі мұндай қуат көздерінің орасан зор пайдасынан бейхабар.  Сондықтан, бірлі-жарлы бірақ, елге үлгі болар бастамалар жайлы  айтуды жөн көріп отырмыз.

Шалғай  ауылдағы жаңа бастама

Ақтөбе облысында күн сәулесінің, желдің күшін пайдаланып, энергия өндіруді қолға алған шаруашылықтар бар. Шалғайда жатқан Байғанин ауданындағы «Мерей и К» шаруашылығының басшысы Төлеген Шәудір қазір осы бір қадамға барғанына  тәубе айтады. Қазір қондырып алған жел генераторы-2квт, күн генераторы-3квт энергияны тұтынып,  шаруашылығы көтеріліп қалды.

Кеңес одағы ыдырасымен-ақ, электр жарығынан тапшылық көріп, жұмысы өрге баспай жүрген  шалғайдағы мал шаруашылығындағылар үшін  балама энергия көздерін пайдалану таптырмас амал болды.  Энергия қуатын үнемдегіш технологияларды қаржыландыруды көздейтін «ҚазАгроҚаржы» АҚ–ның  жаңа бағдарламасына сай Төлеген Шәудір өткен жылы 5,5 миллион теңгеге  несиеге күн мен желден қуат өндіретін неміс технологиясымен жасалған қондырғы сатып алып, қондырған болатын. Қазір сағатына 5квт электр қуатын алып отыр. Бұл 400 қой, 80 жылқы, 200 сиыр тұрған мал қораларын жарықтандыруға, теледидар, тоңазытқыш сияқты тұрмыстық техникаларды  қосуға толығымен жетеді екен.

Төлеген Шәудір, «Мерей и К» шаруашылығының басшысы:

— Егер бұны алмағанда, үкімет қашан электр желісін тартып береді деп отырар едім. Өзім тарта алмаймын. Ол үшін 100 миллионнан астам қаражат керек. Мына қондырғы 5,5 миллион теңге тұрады. Басында жүрексіндім. 7 пайызбен 5 жылға лизингке береді, 50 пайызын субсидиямен жабады  деген соң, тәуекел дедім. 25 пайызын қолма-қол ақшаға сатып алдым. «Базис групп kz» деген мекеме өздері келіп  орнатып берді. Бұрын мал суару үшін құдықтан   моторды қосып су тартып әлек болатынбыз. Бензин болмай қалса, мотор істен шықса , қолмен тартасың. Машақатты көретін едік. Қазір жақсы болды.

Ақтөбе облысында  балама қуат  беретін қондырғыларды шетелден жеткізіп, қондырумен «Базис групп kz» серіктестігі айналысып жүр. Серіктестік  басшысы Естай Сисенбаев қондырғының техникалық  жағынан сипаттай келе:

— Бұл қондырғылар өте сапалы.  Қондырғыда автоматты тежегіш бар. Қуат аккумуляторда жиналады.  Электр қуаты пайдаланылып, азая бастаса болды, 15 минуттың  ішінде лезде толады да, автоматты түрде тоқтайды. Үнемдеп те  пайдалануға да болады.  Электр энергиясын қажет етпесе, сөндіріп қояды. Бірнеше жерлерде орнаттық. Шаруалар  риза. Тіпті бұлтты күндері де қуат  жинай береді. Өйткені күн көзінен энергия жинайтын құрылғылардың аморфты-кремді түрін таңдап алғанбыз. Күн сәулесінің тікелей түскенін қажет етпейді. Тек жарық болып тұрса жеткілікті,-деді.

 

Энергия үнемдеудің қайнар  көзі   пайдаланылмайды

Қазақстанда  қазіргі өндірілетін электр энергиясының 85 пайызын көмір, көмір сутекті шикізатты жағып аламыз. Мұнай мен газды, көмірді-энергияның жаңартылмайтын қоры болып  табылады. Біздің елде  әрі тегін, әрі қалпына келетін жел, су, күн сәулесі сияқты энергия көздері мүлдем пайдаланылмайды. Мемлекеттік бағдарлама қабылданғанмен,  республика бойынша  бірде-бір ірі жоба қолға алынбапты.

Адамзат баласының көкейін  қазір жер асты байлықтары әсіресе, мұнай мен газ таусылса, қалай күн көреміз деген сұрақ теседі. Сондықтан, баламалы энергия көздерін іздеумен келеді. Желдің энергиясын  ежелден пайдаланылады. Желдің екпінін пайдаланып өзен-көлде қайықпен, кемемен жүзді. Дәнді дақылдан ұн тарту үшін жел диірмендерін пайдаланды. Кейіннен бәрі қолданыстан шығып қалды. Тиімді болған соң, ұмыт қалған ескіні қайта жаңғыртудан абзал нәрсе жоқ. Сондықтан  қазіргі уақытта  жел диірмендерін  әсіресе Еуропа елдері көп қолданады екен. Ең тымық деген жерде  желдің орташа жылдамдығы секундына 6 метрге жететін  Қазақстанда  үкімет 5 жылдық бағдарлама қабылдады. 2015 жылға дейін 91мвт күн қондырғыларын іске қосу жоспарланыпты. Күн сәулесінен 5 пайыз қуат алу, су электрстансалары қуаттың 10 пайызын береді деп  күтіледі.  Ал ғалымдар Қазақстанның климаттық жағдайы күн сәулесін пайдалануға қолайлы екендігін ескерсек, елімізде күн сәулесінен 2,5 млрд. квт/сағат энергия алатын мүмкіндік бар дейді. Қайта қалпына келетін энергия көзі ретінде биологиялық отындар жайлы да айтпай болмайды. Тек қана ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтарын қайта  өңдеп, жыл сайын 35 млрд. квт/сағат электр жарығын және 44 млн. гигакалория жылу алуға болады екен. Бұл дегеніңіз шаш етектен келетін пайда, әрі қоршаған ортаны таза ұстаудың жолы. Ал бізде оны лақтырып тастап, шірітіп, жан-жағымызды ластап  жатырмыз.

 

Бақыт Жаншаева

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Ноябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Жоғарыға