Сіз мындасыз:

Ақтөбеде қылмыс неге ашылмайды?
Ақтөбеде қылмыс неге ашылмайды?

…деген біртүрлі сұрақ қойыпты Атыраудан бір әріптесім. Мен қайдан білейін?

 

Басқасы басқа, бала өлімі, балалардың із-түзсіз жоғалуы жағынан «ерлеп» тұрмыз. Біреуінен есімізді жиып болғанша, екіншісі жер жарады. Бір таң қаларлығы, ел аузындағы гу-гу- басқа нәрсе, жәбірленгендер (баласын жоғалтқандар) – басқа нәрсе, ал облыстық ішкі істер басқармасы, тіпті, басқа мәлімет таратады.

Соңғы екі аптада ақтөбеліктерді дүрліктірген 5 жасар Тамерлан Сандыбаевтың  кенеттен жоғалып кетуі мен  мүрдесінің үйінен пәлен шақырым қашықтықтағы Қарғалы өзенінен табылуы… жұм­сартып айтқанда, тағы да көп­теген дүдәмал ойларды туғызды.

Жалпы, «өлімді жерде- молда, өлеңді жерде-өгіз семіреді» демекші,  бұл жағдайда жақсы нәрсе болушы ма еді, тек  Тамерланды іздеуге Ақтөбе халқының бір кісідей жұмылып, белсенділік көрсеткені  көңіл қуантса да, мәселенің тағы бір жағы бар, ол халықтың –ресми, құзырлы  органдарға деген сенімдерінің селдірей бастағаны. Сенім селкеуленбей қайтсін, «бір қызым бір қызымнан сорақы» демекші, облыстық ішкі істер департаментінің  мәлімдемелері  бірде нақты  фактілерге қайшы келіп жатса, кейде тіпті алшақ жайылып кетеді.

Жоғалған сәбиді іздеуге 1500 (!) полиция қызметкері, 100 шақты  әскерилер, 800- ге тарта  ерікті- студенттер қатынасты. Осы екі апта аралығында  ішкі істер Департаментінен тұщымды бір хабар болған жоқ. Тағы бір сорақысы, еріктілер іздеу шараларының оныншы күні  қаладағы көп қабатты үйлерден 200 метрдей ғана жерден  ер адамның бассыз денесін тауып алады. Ине емес, түйме емес, адамдар да осылай жоғалып, бассыз мүрде үйімізден таяқ тастам жерде жата беретін болса, тыныштығымыз бен өзімізді қорғайтын  полициямыз не бітіріп отыр сонда?

БАҚ-тар  алғашқы мәліметті  осы кісіден алған. Еріктілердің ең белсен­дісі Дина Букенбаева былай дейді:

— Баланы іздеуге қанша ерікті қатысқанын білмеймін себебі ұйымдастыру жағы онша болмады. Еріктілер саны өте көп  болғандықтан, ІІД бұл шаруаны белгілі бір деңгейде жұмылдыра білуі керек еді, байланыспен жасақтауы керек еді. Ал бізде ол болған жоқ, кейде еріктілердің бір тобының сүзіп шыққан жерін екінші топ та қарап, босқа уақыт алды.

Бұл жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанының ашық белгісі. Менің өз тобымда 17-20 адам болды, бәрі бірдей шыға алмағанмен, әркімде жұмысы, отбасы, ба­ла­лары бар дегендей, күніге он ад­ам­­нан кем шыққан күн болған жоқ.

Мен өз басым, қарапайым қисынды басшылыққа алатын адам ретінде бес жасар бала Құрмыш ауданынан Келешекке дейін барып, суға құлап кетеді дегенге сенбеймін. Біріншіден,  бес жасар бала түгілі ересек адамның жетуі де қиын бұл қашықтыққа. Екіншіден, бұл аралықты  көліктер ағыны өте көп, олардың бейнеқондырғылары бар, егер Тамерлан  көпірден өткен болса, біреу болмаса біреу байқаған болар еді ғой. Бұл аралықта  бес жасар бала, қалай десек те, жалғыз өте алмайды.

Ал, айтылып жүрген баланы жәр­меңке маңындағы Құрмыш­тағы өзенге түсіп кеткен деген нұсқаны қарастыратын болсақ, ол да сенімсіз, себебі ол жағдайда Електен ағысқа қарсы Қарғалы өзеніне дененің ағып баруы мүмкін емес, ол тек өзен ағысымен, алғашқы таяздағы тасқа жолыққанша ағар еді. Жол көлік оқиғасы туралы нұсқаны ІІД өзі жоққа шығарды, мүрдеде  сынықтың ізі жоқ.

Баланың өкпесі мен асқазанында  судың болмауы да көптеген күмәнге жол беруде, бірақ суға кетудің бірнеше түрлері бар, мысалы, асфиктикалық, яғни, «құрғақ» түрі. Суға кетіп қалуы да мүмкін, бірақ Келешекке дейін, Қарғалыға дейін жетуі тіпті күмәнді. Бақытсыздық оқиғасы деген нұсқаға да сенбеймін, бұл менің жеке пікірім.

Ана ретінде, өзге де балалардың қауіпсіздігі үшін мен бұл істің тиянақты тексерілуін қалаймын.

Періштенің пейіште нұры шал­қы­ғай, алайда оның ата-анасының жан айқайына енді кім құлақ тү­реді? Көз жасын кім құрғатады?

Тағы бір таң қаларлығы, қаланың қуыс-қуысын сүзіп шыққан еріктілер  мәйіт табылған жерден бірнеше рет өткендіктерін, күдікті ештеңе байқамағанын айтып жар салуда. Сонда, үй-күй, отбасын тастап сәбиді іздеген еріктілер өтірік айта ма, әлде, басқа бір гәп бар ма?

…Осыдан аз уақыт бұрын көшеде  көлік қаққан баланы оқиға болған жерге тастап кетті. Аноу бір жасөспірімді турап- турап, мүрдесін қапшыққа салып көшеге қалдырып кетті. Мектептегі бұла бойжеткендерімізді байшігештердің қойнына салған жеңгетайдың полицияның көз алдында неше жыл жасырынып  жүргенін бір құдай біледі? «Бір сағатқа, бір түнге пәтер жалдаймын» деген хабарландырудан көз сүрінеді, олардың бәрі пәтерлерін пойыздан қалып қойғандарға, болмаса  арайлы Ақтөбеге  қонаққа келгендерге ғана жалдап отырғанын қолыңызды  жүрегіңізге қойып тұрып айта аласыз ба? Оларды да  полиция білмей ме, әлде, көз алдындағы заңсыздыққа, қатігездікке көз жұмып қарайтын “участковойлар” көбейіп кетті ме, ендеше неге біз төлеген салықтан нан  жеп жүр?

… Күні кеше ғана Ақтөбені дүрліктірген оқиғадан түйген ой мынау: қоғамды қатігездік жайлап алды. Оған мектеп те, мешіт те, қоғамдық ұйымдар да (құзырлыларын айтпай-ақ қойдық) еш тосқауыл болмай отыр. Тәрбиесі кем, әлеуметтік жағдайы төмен, ертеңінен еш үміт жоқ қоғамның денінен көбі… қарапайым ғана мейірім, қиналғанға қол ұшын бе­ру,  қайырымдылық  деген алтын ұстындардан алыстап  барады.

Енді ешқашан атқан таңды көре алмайтын бейкүнә  сәби Тамерланның аруағы алдында, оның қасіреттен қан жұтып отырған ата- анасының алдында бүкіл қоғам атынан кешірім сұраймыз. Әрине,  заң мен құқық салтанат құратын зайырлы қоғам құруға талаптанып жатқан біздің ел үшін бұл орны толмас олқылық. Кез келген азамат бей-жайлықтан арылып, қоғамдағы құбылыстарға өзінің жеке шаруасындай ат салысатын болғанда ғана, күнделікті тірлігімізді жайлап алып бара жатқан  бойкүйездік, енжарлық, ең бастысы қатігездік деген дерттен аз да болса арылған болар едік.

Ал әзірге – бізді, яки, қарапайым халықты  қорғайтын ешкім жоқ. Сондықтан, бір тәңірге ғана жал­барынып, бір-бір алабай асы­рамасақ болмайтын түрі бар…

Шара ЕЛЕУСІЗ

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика