Сіз мындасыз:

Ашаршылық  жайлы  әңгімелер
Ашаршылық жайлы әңгімелер

 

 

 

 

Малдыбай қарияның әңгімесі Сексеуіл стансасында Малдыбай деген қария тұрады, жасы қазір тоқсанда, руы Игілік. Қазақтың нағыз әңгімешіл ақсақалы, естіген көргендерін миына жақсы тоқып қалған қария. Сексеуілде тұратын Жайлау Шаханұлының сол кісіден есітіп жазып алған бір-екі әңгімесін айтып берейін.

 

 

-Малдыбай ақсақалдың айтуынша Сексеуіл стансасы ежелден тоғыз жолдың торабы, пойыздар келіп дем алатын, су толтырып, отын жинап, вагондары мен басқа жарақтарының кем-кетігін жөндеп алатын ғана жер болмаған. Отызыншы жылдардың ашаршылық кездерінде стансаға жолда өлген, әлсіреген адамдарды түсіріп алатын, өлгендерін көметін станса болыпты.

Сондай күндердің бірінде пойыздан бір жас жігіт түсіпті. Сірә, бұрын ауқатты отбасыдан шыққан адам болса керек, киімі таза, өңі текті адамнан шыққанын білдіретін  көрікті бейнесі аңғартса керек. Қасында өзінен де нашар жағдайда аштықтан әбден әлсіреген келіншегі бар, жүруге жарамайды екен, жиналған жұртқа қарап: — Уа, ағайын сөзім бар! Біз жақында ғана жас жұбайлы болған едік, өзім кідіріп тоқтауға болмайтын жағдайдамын, маған жол азығы керек болып тұр, араларыңда мына келіншегімді  алып қалатындарың табылар ма екен – деп сөз тастапты. Ол кезде жұрттың бәрі аш қой, бір мұсылман табылып жігітке бір тегеш бидай беріп жас келіншекті алып қалыпты. «Аман қалсам бір күні қайтып келемін» деген жігіт жылай-жылай келіншегімен қоштасып кете беріпті. Келіншекті «сатып» алып қалған жігіттің әйелі бар екен, жас келіншекті үйіне кіргізбепті. Жігіттің үлкен қария ағасы бар екен, келіншек қарияның үйінде  өмір сүріп денсаулығы жөнделіп аштықтан аман қалыпты.

Үш-төрт жыл өтеді, жас келіншек қарияның үйінде тұрып жатқан кезінде баяғы жігіт аман қалған екен, бір күндері келіншегін  іздеп келіпті. Келіншекті бір тегеш бидайға «сатып алған» жігіт өліпті, бірақ қария аман екен. Жас келіншектің күйеуінің аман келгеніне, келіншегін іздеп тапқанына, оны күйеуінің қолына аман есен тапсырғанына қуанған қария және  ауыл аймақ қуанып жұбайларды қауыштырып қонақ қылып шығарып салыпты. Келіншегін аман тапқан жігіт ризашылығын білдіріп күмістен жасалған бүлдіргілі қамшыны ескерткішке  қалдырып кеткен екен. Сол қамшы қазір осы ауылдағы бір үйде сақтаулы жатуы мүмкін – деп аяқтады әңгімесін Малдыбай ақсақал.

 

Аш босқындар

  Малдыбай қарияның екінші әңгімесі.  – Отызыншы жылдардың басы, ашаршылықтың басталған кезі, аштықтан қазақтың беті ауған жаққа босқыншылығының басталған кезі. Ол кезде біз сияқты теңізге жақын отырған ауылдың қазағының жағдайы аз кем тәуір, теңіз бен көлдерден ұстаған балығын қалжалап күн көріп жатқан шағы. «Кіші құмнан теңізге қарай төртқаралар ауып, босып келе жатыр екен» деген әңгіме тарады, Айтқанындай көп ұзамай  50-60 бала-шаға, қатын-қалаш, қария  ауылымызды басып салды.

Дереу ауыл ақсақалдары ауылдың жас жігіттерін жинап келген аштарды ауылдың ортасына жинаңдар деп бұйрық берді. – Ешкімді үйлеріңе кіргізбеңдер, дәм бермеңдер, аш адам жаудан жаман, сақ болыңдар – деп жар салды. – Оларды үйге кіргізсең болды, олар тамаққа бас салады, тоқтамай жеп, тойса да жей береді, ұрсаң да сабасаң да жеуін қоймайды, сүйтіп өлгенше тынбайды. Шалдардың бұйрығын тыңдаған жігіттер аш адамдарды шашау шығармай, еш үйге кіргізбей, жолда жете алмай қалғандарына ат-көлік жіберіп алдыртып ауылдың ортасына жинап, қазір тамақ береміз деп үміттендіріп бір жерде ұстап отырады. Аш босқындар қазір тамақ келеді деп үміттеніп, демдерін жинап, көңілдері тоқтайды.  Бір уақытта ортаға үлкен қазан әкеліп, су құйып, астына от жағыпты.

Көздерінше торта балықты қазанға салыпты. Қазан қайнап, балықтың дәмді сорпасының исі шыққан кезде аштықтан ішегі бұралып отырғандар құлай бастайды. Құлағандарының аузына су тамызыпты. Бір кезде балық піседі, бірақ піскен балықты бірден бермепті, Аш адамдар балықтың сорпасының суығанын күтіп тағы біраз отырыпты. Сосын барып төрт адамға бір торта, кішілеу болса екі адамға бір торта беріп аштан құлағандардың аузына сорпа тамызып тойғызбай жүрек жалғатып сол жерге жатқызып түнетіпті. Келесі күні тамақты көбірек беріп бірте-бірте күш жинатқызыпты. Келесі күні сол жерге бөлек үй тіккізіп, біраз уақыт бөлек ұстапты.  Қазақтың талай аштықты басынан кешкен данышпан қарияларының осындай даналығының арқасында келген бір ауыл елден ешкім шетінемей бәрі аман қалыпты. Данышпандық емей немене, келген аштардың арасына өз аулының адамдарына жұқпалы ауру тиюі мүмкін деп сол жағын да ойластырған екен. Сол кісілерден аман  қалған ұрпақтар әлі күнге дейін осы Аралдың аймағында өсіп өніп жатыр – дейді Малдыбай қария.

 

Бір ауыл елді  аштан аман алып қалған

 

Әли Жайлаудың әкесінен естіген  әңгімесі.  – Менің әкем Шахан Әлиұлы, 1915- жылы туған, жақайымның асаны. Әкемнің  әкесінің аты- Әли, оның досы- Жандәулет деген бай, руы- төртқара, міне осы кісі өзінің тапқырлығының арқасында кәмпескеден болған қолдан жасалған ашаршылық кезінде біздің ағайындарымызды аштықтан аман алып қалыпты.

Әли әкемнің әкесі Ахмет деген кісі ауқатты бай болған екен, өзінің бес баласына енші берген кезде әрқайсына 500-ден қой беріпті, басқа да төрт түлігі сай болған болса керек. Кәмпескенің хабары шыққан кезде Әли атам, мұндай зорлыққа көнбей кәмпескеден малын айдап біраз уақыт құмда қашып жүріпті. Ол кезде байлар жылқыдан басқасын айдап көшеді де, тек жылқысын ғана түзге қалдырып кетеді екен. Жылқы деген ақылды мал ғой,  егер оларды иелері іздемеген жағдайда өздері су ішкен құдығына көшкен ауылдың артынан іздеп жетеді екен.

Міне, Әли атам жақын туыстарын ертіп және Жандәулет деген досымен бірге Қарақұмның қойнауларында қашып бірнеше ай жүріпті. Жандәулет байдың сонымен бірге түрікмен жерінен алдырған асыл тұқымды қызыл нарлары болыпты. Сексеуілдің маңында «Ақкөл» деген жерде (құдығы бар) қашқан ауыл отырыпты. Күз айы, жер қырау. Артынан іздеген қызыл әскерлер, ауылдың комсомолдары мен белсенділері, милициясы бастап, ішінде жол көрсететін ағайындарымыз да бар, соңдарынан қалмаса керек. Бір күні түнде қызыл әскерлер ауылды қоршап алады. Әли мен Жандәулетті төсегінде тұтқындайды. Сол кезде бала Шахан (әкем) 13-14 жас шамасы болса керек, төсекте отырған Жандәулетті шошайма бас киім киген екі қызыл әскердің екі жағынан мылтықты кезеп тұрғанын көріп, бір сұмдықты жүрегі сезіп 4 түйені түнде алып қашады. Солдаттар оған бала деп мән бермесе керек. Шахан бір төбеге шыққанда бір нар қырсығып табандап жүрмей қояды. Амал жоқ, нардың бұйдасын қиып қалдырып кетеді. Үш түйемен 10-15 шақырым жердегі «Боқай» деген ауылға жетеді түнделетіп. «Ауылға жау шапты» деп хабар айтады. Сүйтсе бұл ауылды да қызыләскерлер қамап отыр екен. «Ақкөлде» екі байдың қонысы бар дегенді есітіп қуанған әскерлер дереу шауып барыпты. Сүйтсе «Ақкөлге» барған Шалқардың милициясы болса, «Боқайды» қоршаған Аралдың милициясы екен. Екі жақ таласқан қызыләскерлер «бұл байларды мен бірінші ұстадым», «мен қуып жеттім» деп бір-бірімен атысып қала жаздапты. Тұтқындалған Жандәулет қызыләскерлерге «менің бір өтінішім бар еді» деп сұрапты.

«Бота кезінен өсірген түрікменнен сатып алған, көбейтіп өсірген қызыл нарларым бар еді, солармен қоштасайын» депті. Ұлықсат алған соң сонадай жерде тұрған түйелерге дыбыс беріп шақырады. Иелерінің соңғы қоштасуын сезген болса керек қызыл нарлар бірінен соң бірі келіп еміреніп Жандәулетпен қоштасады. Қызыләскерлер сол күні барлық малды алдарына салып Шалқарға қарай айдап жөнеледі. Бірақ жолда әр төбеде бір нардан омақасып құлап қала беріпті, оларды келесі күні ауыл адамдары етке сойып алады. Сүйтіп қорасы босап қалған ауылдың бала-шағасы осы нарлардың етін қорек қылып қыстан аман-есен шығыпты. Сүйтсе, ақылды Жандәулет бай бір істік пе әлде басқа қару ма белгісіз затпен білдірмей нарларды ауырмайтын жанды  жерінен  сұғып жаралап қалдырған екен. Жандәулет сол кеткеннен мол кетіп хабарсыз кетті, Әли қайтып келіп қарақалпақ жеріне жер аударылып кете барды. Міне, біз сол Жандәулет байдың тапқырлығының арқасында аман қалып ұрпақ шашқан жандармыз..

2014-жыл

 

С. Жүсіп  

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Май 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға