Сіз мындасыз:

Адам да айтып еді-ау…
Адам да айтып еді-ау…

…Осыдан біраз бұрын Астана қаласының Онкология ауруханасында жазушы Адам Мекебаев ағамызды көріп қалдым. Амандық сұрасқаннан соң Адам аға: «Айналайын, Жұмамұрат, жасым 74-нен асып барады, денсаулығымның сыр бергеніне біраз болды, менен сұхбат алып қалсаң қалай болады?» – деді. Мен келісе кеттім. Бірақ, өкінішке қарай, көп ұзамай, Адам аға да мәңгі қайтас сапарға аттанды. Бұл – Адам МЕКЕБАЕВ ағамен болған ақтық әңгіме-сұқбат еді… 

 

– Адам аға, қазақ тарихын қалай жазу керек деп ойлайсыз?

– Қазақ халқының тарихы әлі күні толыққанды жазылған жоқ. Бұрынғы мемлекеттік хатшы Марат Тажинның бастамасымен осы мәселеге егжей-тегжей зерделеу керек еді, өкінішке қарай, сол бастаманың ғұмыры тым қысқа болды. Біздің тарихшы мамандар қаншама елдерге барып, қазақ халқына байланысты тари­хи деректер мен айғақтар жи­нап алып келіп еді, бұл тари­хи ақпараттар Мәскеудегі лау­азымды кісілерге ұнамай қал­ғанға ұқсайды, жабулы қазан күйін­де қалғаны жаныма ауыр тиді…

Осынау құнды да шынайы ақпарларды жарыққа шығару үшін, біздің биліктің тарихқа деген көзқарасы түбегейлі өзгеруге тиісті. Қазақ тарихы туралы екі кітап жаздым, біріншісі – «Бір жарым мың жылдық қате», екіншісі – «Түркістан». Еке­уін де оқырмандарым талап алып кетті. Кейбір тарихшылар көптеген деректерді менің жаз­ғандарымнан ұрлады, пайдаланды, оны несіне жасырайын…

Адамзат тарихында талай империялар жер жүзінен жойылып кетті, өйткені, өркениетке жеттік деп санап, өзінің шыққан тегін ұмытып, қазіргі қазақтар секілді ана тілін менсінбей, өзге тілде шүлдірледі, келесі ұрпағы із-түзсіз өзгелерге сіңіп жоқ болды.

Кезінде парсы мемлекеті де сондай дәуірде өмір сүрді, Фирдоуси ана тілінен мақұрым болып бара жатқан қандастарына, бірінен соң бірі ауыса беретін билікке, талақан билеушілерге арнап «Шахнама» деген дастан жазып, Махмұд Газневиге сыйға тартады. Ащы саяси сатира билеушінің қаһарына ұшырап, Фирдоусиды елден қуып жібереді. Араға жылдар салып, «Шахнаманы» оқыған сұлтан өз қылығынан ұялып, ақыннан кешірім сұрау үшін, оншақты түйеге өңгерілген сый-сияпат жібереді.

Аңыз бойынша, ақын тұрып жатқан шаһардың қақпасынан керуен кіріп келе жатқанда, бір топ адамдар Фирдоусидың мүрдесін жерлеуге қақпадан шығып бара жатыпты дегенді бір кітаптан оқығаным бар. Сол Фирдоусидің «Шахнамасының» арқасында парсы елінің абыройы асқақтап, мерейі үстем болды, тарихы тереңде екенін әрбір парсы сезіп, елінің өсіп-өркендеуіне үлесін қосты. Қазіргі Иран мемлекеті АҚШ пен Батыстың қарсылығына қарамастан, атом бомба жасайтын заводтар құрып алды. Аштан өліп, көштен қалып жатқан Иран халқы жоқ. Бүгінгі таңда, бізді де осылай рухтандыратын сауатты тарих жазу – кезек күтірмейтін маңызды мәселе.

 

– Бұл мақсатқа жету үшін, алдымен, мемлекеттік тіліміздің мұңы таусылуы керек шығар?

– Қазақ тілінің тұншығуы – әдейі жасалынып отырған сұрқия, сұм саясаты. Әйтпесе, әлем тарихында өз ана тілін 23 жыл үйренген ел жоқ. «2025 жылы Қазақстанның 95 пайыз халқы қазақ тілінде сайрап кетеді» деу –қазақтарды тағы бір мәрте алдарқатудан басқа ештеңе емес.

Қазақ телеарналарын көрген сайын өкпемізге шаншу қадалғандай болады. Бағдарламаны жүргізушілердің көбі қайран қазақ тіліміздің «басын жарып, көзін шығарып», көрер көзге мүсәпір, бейшара күйге түсіріп келеді. Оларға тоқтау айтатын зиялы қазақтың болмағанына қарным ашады. Ол аз десеңіз, балабақшаға баратын немерелеріме ағылшын тілін үйретіп жатыр. Сонда қандай, қалай қазақ болатынымыз ақылға қонымсыз…

 

– Сырттан келген қандастарымыз да өзіміздің қазақтар ғой, Олай болса, оралмандарға азаматтықты неге тездетіп беруге болмайды?

– Әрине, өз қандасыңнан аяғанды ит жесін. Үш ай бұрын Қырымға бастырып кірген орыстар, көшеде отырып алып, 24 сағатта 3 миллионға жуық Украин халқына «Ресей азаматы» деген паспорт таратқанын төрткүл дүние көріп отыр. Сондықтан, мемлекеттің мүддесі сынға түскен кезде бюрократиялық кедергілердің барлығы жойылатынын көзіміз көрді.

Бізде біресе «5 жылдан соң», біресе «3 айдан соң азаматтық береміз» деп жүнін жұлған тауықтай әбігерге салуда. Өз қазағымыздың көкірегінен итеріп, қалай береке табамыз? Талғат Мамашев «жылдың соңына қарай барлығы шешіледі» деп уәдені үйіп-төгіп берді. Сыртта жүрген 5 миллион қазақты тез арада Қазақстанға көшірмесе, арада 5-10 жылдан соң, олардан да алаңсыз айырыламыз. Мұның кімге пайдалы, кімге зиян екендігі түсінікті…

Жер бетінде жетімдік көрген бауырларымызды қолтығымызға тартып, басынан сипасақ, Алла Тағала біздің қазақтың бағын асырар еді деп ойлаймын. Бұл – кезкелген ұлттың заманалар дауылында шашылып қалмауының; жік-жікке бөлініп, басқа жұртқа жем болмауының; дербестігін сақтап, өзгелермен тең деңгейде өмір сүруінің басты шарты һәм табиғи қажеттілігі.

 

– Аға, тәуелсіздік алған жылдардан бері біздің елімізде де шенеуніктердің жаңа буыны өсіп-жетілді. Ең алдымен, солар ұлтшыл болуға тиіс қой…

– Біздің шенеуніктерге көңілім толмайды, оны несін жасырайын. Өйткені, алдына барсаң, көпшілігі қазақ тілінде өмірбаянын айтып бере алмайды. Содан кейін одан нені сұрауға болады?

Қарапайым қазақтың тілінде көсіліп әңгіме айта алмайтын адамның артынан қазақ ереді деу – өтірік сөз, емексу ғана. Басым көпшілігі қазақ бола тұра, қазақтың тарихынан бейхабар, әдебиеті мен мәдениетінен мақұрым, жұрттың алдына шығып еркін сөйлей де алмайды. Сол лауазымды тұлғалардың сөзі мен ісі бір-бірімен қабыспайды…

 

– Адам аға, ұлтыңызға деген ұлы махаббат қана сізді әдебиетке әкелген шығар?

– Менің балалық шағым екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарындағы бір үзім нанға зар болған жоқшылыққа тап келді. Мен қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында ержеттім. Мектепті бітіріп, Алматыға жоғарғы оқуға филология факультетіне түстім. Біз Зейнулла Қабдолов, Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллиндердің дәрісін тыңдадық. Төлен Әбдікұлы, Әнес Сарай, Дулат Исабековтермен бірге оқыдым, 1965 жылы диплом алып, Қызылордада тілші болып өмір жолымды бастадым, отбасын құрып балалы-шағалы болдым.

Совет өкіметінің тұсында бізден ойлану, шешім қабылдау талап етілген жоқ. Біз үшін ойлайтын да, шешім қабылдайтында Мәскеу еді. Бізге тек соны орындау ғана қалатын…

Бұл үлкен проблема болатын. Сол себепті, өз еліңнің ертеңіне өзің жауап беруің, осы жолдағы проблемаларды шешудің жолдарын өзің табуың, қиямет-қайым қиын шаруа еді. Осының бәрін айналасы 23 жылда шешіп тастау мүмкін емес…

Бізге әдебиеттен басқа айналысатын шаруа қалмады. Әйтеуір, бар білгеніңді ақ қағазға жазып, іштегі қуаныш-қайғыңды шимайлайсың. Мен өз өмірімде 20-дан астам кітап жаздым. Келешек ұрпақ бұл еңбектерімді қажетіне жаратар деген үміттемін.

Жұмамұрат ШӘМШІ, тарих ғылымдарының кандидаты

 

ӨМІРБАЯН 

Адам Мекебаев 1940 жылы 19 сәуірде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келді.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1987 жылы Мәскеудегі Дүниежү­зі­лік әдебиет институтының жоғары әдеби курсын бітірді.

1965 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінде, 1966 жылдан Қызылорда облыстық мәдениет басқармасында жұмыс істеп, 1971-1974 жж. аралығында Қызылорда облыстық Халық творчествосы үйінің директоры қызметін атқарды. 1974–1975 жж. республикалық «Қайнар», 1975–1981 жж. «Жазушы» баспаларында редактор болды. 1981–1982 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, 1983-1984 жж. Қазақ КСР мемлекеттік сценаристер алқасының кеңесшісі, 1987–1992 жж. «Жұлдыз» журналында, 1992 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Соңғы кезде «Ақиқат» журналында қызмет істеді.

«Ерен еңбегі үшін» (2001) және Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталған, Халықаралық «Алаш» әдеби (2005) және С.Сәдуақасов атындағы ҚР Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты.

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Октябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Жоғарыға